KZNews.kz
Саясат

Заңдар үш оқылымда қаралады: Құрылтайға жаңа норма ұсынылды

Жарқын Омаров
Фото Informburo.kz

Құрылтайда әрбір заң жобасын кемінде үш оқылымда қарау жөніндегі жаңа норма енгізу ұсынылды. Бұл туралы Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.

Ол конституциялық реформа жөніндегі комиссия отырысында бұл норма заңдарды қабылдаудың сапасы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Құрылтай бүкіл ел аумағында міндетті күші бар заңдар мен қаулыларды қабылдайды. Заңдар Президент қол қойғаннан кейін күшіне енеді. Заң жобасын кемінде үш оқылымда қарау қажеттілігі туралы норма енгізіліп отыр, бұл заң қабылдаудың сапасын, жеделдігін және тиімділігін арттырады», - деді Бекназаров.

Оның айтуынша, заңдарды әзірлеу, енгізу, талқылау, қабылдау және жариялау тәртібі арнайы заңмен және Құрылтай регламентімен реттелетін болады.

Сондай-ақ отырыс барысында Бекназаров Қазақстан Конституциясына енгізілетін өзгерістер жобасын таныстырып, оған сәйкес Құрылтай депутаттары бес жыл мерзімге сайланатынын мәлімдеді.

Жарқын Омаров
C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салал...
Автордың басқа материалдары →