KZNews.kz
Әлем

Жаңбырды «сатып» байыған ағылшындық жаңбыр жауғызу құпиясын қалай ашты?

Дархан Тоқан
Фото: Ашық дереккөзі

Бір ғасыр бұрын АҚШ-та тігін машинасын сататын қарапайым саудагер өзін «ылғал үдеткіш» деп таныстырып, жаңбыр шақырамын деп елді елеңдетті. Оның аты Чарльз Хэтфилд еді, деп жазады kznews.kz.

Чарльз Мэллори Хэтфилд 1875 жылы Канзас штатындағы Форт-Скотт қаласында дүниеге келген. Бала күнінде отбасы Оңтүстік Калифорнияға көшіп, Сан-Диего маңына қоныстанады. Ересек шақта ол New Home Sewing Machine Company компаниясының сатушысы болып жұмыс істеген. Бірақ сауда оның негізгі «арманына» айналмады: Хэтфилд жаңбырды «шықыру» идеясын өмірлік мақсат қылып алды.

Өзі кейін айтып кеткендей, ол жаңбырды «жасамайтынын», тек бұлтты «тартып» әкелетінін алға тартқан: «Мен жаңбыр жасамаймын… Мен тек бұлтты тартып әкелемін, қалғанын олар өздері істейді». Хэтфилд осы тәсілін тұрмыстағы бір көрініспен түсіндірген: анасының пеш үстіндегі шәйнегі бу шығарғанда, жанындағы табадан көтерілген ылғалды «өзiне тартып алғандай» әсер қалдырған. Содан ол «плювикультура» деп аталатын жаңбыр шақыру тәжірибелерін зерттеп, ақыры құпия қоспа дайындағанын мәлімдеді.

1902 жылдары ол 23 түрлі химиялық заттан тұратын құпия қоспасы барын айтқан. Қоспаны үлкен мырышталған ыдыстарға құйып, қыздырып буландырады да, бу ағаш мұнараның үстінен көкке көтерілетін болған. Хэтфилд мұны «ылғал үдеткіш» тәсілі деп атады. Ең қызығы — ол қызмет ақысын алдын ала сұрамаған: нәтиже болса ғана төлеуді ұсынатын. Сол «тәуекелсіз сауда» фермерлерді де, газет оқырманын да бірден қызықтырып жіберді.

1915 жылдың соңында құрғақшылық қысқанда Сан-Диего билігі Морена су қоймасын толтырып беруді өтінеді. Тараптар 10 000 доллар төлеу жөнінде келісіп, шарттың басты талабы — су қоймасы толса ғана ақы берілуі керек болған. Хэтфилд 1916 жылдың 1 қаңтарында іске кірісіп, 5 қаңтардан бастап жаңбыр жауа бастағаны айтылады. 10 қаңтарда жауын күшейіп, арты ұзақ нөсерге ұласқан.

Алайда «су керек» деген қалаға жаңбырдың мөлшері тым артық болып шықты. Өзендер арнасынан асып, бірқатар нысандарды су басты, ал Төменгі Отай бөгетінің бұзылуы жағдайды одан сайын ушықтырды. Сол тасқыннан кейін қала Хэтфилдке уәде еткен ақшаны беруге асықпай, жауапкершілікті де соның мойнына артпақ болады. Бірақ кейін дау ұзаққа созылып, соттар бұл апатты «Құдайдың ісі» (табиғи құбылыс) деп танығаны айтылады — соның салдарынан Хэтфилд те ақысын толық ала алмаған.

Сол оқиғадан кейін де ол «жаңбыр сатушы» ретінде түрлі келісімдерге шақырту алып тұрған. Кейбір зерттеушілер оның «құпиясы» химиядан гөрі ауа райын дәл болжау мен уақытты тап басуда болғанын айтады: жаңбырдың келу ықтималдығы жоғары кезеңдерді есептеп, соған дәл барып «тәжірибе» жасаған. Тіпті Стэнфорд университетінің алғашқы президенті Дэвид Старр Джордан оның тәсілін қатты сынға алып, «әдісін» әшкерелегені жазылады.

Хэтфилд 1958 жылы қаңтарда дүниеден өтті. Ең көп талқыланатын тұсы — ол өзі айтқан химиялық формуланы ешкімге қалдырмаған: құпиясын да, дауын да, атағын да тарихқа тапсырып кеткен.

Дархан Тоқан
Автордың басқа материалдары