Жаңаөзен қаласындағы медициналық мекемелердің бірінде терапевт-дәрігерге жасалған пышақ шабуылы адам өлімімен аяқталды. Алған ауыр жарақаттарының салдарынан дәрігер оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды kznews.kz.
Қайғылы оқиға жөнінде журналист әрі қоғам белсендісі Айсұлу Дүтбаева әлеуметтік желіде мәлімдеді. Оның дерегінше, оқиға 28 қаңтар күні шамамен сағат 14:00-де болған. Әріптестері дәрігердің өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, көрсетілген медициналық көмектің нәтижесі болмаған.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, пышақ жарақатынан 29 жастағы ер адам қаза тапқан. Алдын ала мәліметке сәйкес, жанжал отбасылық мәселелерге байланысты ер адамдар арасында туындаған.
«Оқиғадан кейін күдікті Жаңаөзен қалалық полиция басқармасына өз еркімен келіп, жасаған әрекетін мойындады», – деп мәлімдеді өңірлік полиция департаменті.
Аталған факті бойынша «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.