Қазақстанның барлық өңірінде Әділет партиясының облыстық филиалдарының конференциялары өтіп, өңірлік ұйымдардың басшылық құрамы толықтай жасақталды. Соның нәтижесінде Жаңа адамдар қозғалысының қалалық көшбасшылары, азаматтық науқандардың жетекшілері мен сарапшылары партия филиалдары жанындағы Саяси кеңестердің құрамына енді, деп хабарлайды kznews.kz.
Партия өкілдерінің айтуынша, бұл қадам Халық Конституциясы қабылданғаннан кейін басталған жаңа кезеңнің жалғасы саналады. Ендігі мақсат – Конституцияда айқындалған қағидаттар мен құндылықтарды өңірлерде нақты бастамалар арқылы жүзеге асыру.
Саяси кеңестердің жаңа құрамына енген азаматтар қоғамдық белсенділігімен, іске асырған жобаларымен және азаматтық жауапкершілігімен танылған өкілдер екені атап өтілді. Олар алдағы уақытта өңірлердегі әлеуметтік және қоғамдық бастамаларды жүзеге асыруға, тұрғындардың ұсыныстары мен мәселелерін саяси күн тәртібіне шығаруға қатысады.

Жаңа адамдар қозғалысының негізін қалаушы әрі Әділет партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Асель Баденова бұл өзгеріс қозғалыс үшін жаңа жауапкершілік кезеңін білдіретінін айтты.
– Бұл – атқарылған жұмыстың қорытындысы емес, керісінше, жаңа сенім мен үлкен жауапкершіліктің бастауы. Біз өз қағидаттарымызға адал болып, халықтың сұранысын тыңдап, азаматтық белсенділіктің қалаларды, өңірлерді және тұтас елді өзгерте алатынын нақты істермен дәлелдеуді жалғастырамыз. Жаңа адамдар өкілдері Әділетті Қазақстанды қалыптастыруға және Жаңа Конституция құндылықтарын нығайтуға бағытталған бастамаларды іске асыруға белсенді қатысады, – деді Асель Баденова.
Оның айтуынша, 2025 жылы өткен «Сейшн» алаңында Жаңа адамдар қозғалысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімін ақтауға уәде берген. Ендігі міндет – сол сенімді нақты еңбекпен, тиімді шешімдермен және нақты нәтижелермен дәлелдеу.