Астанада Жаңа адамдар және Дала Қырандары қозғалыстарының кездесуі өтіп, тараптар «Әділет» партиясының жастар қанаты аясында бірлесіп жұмыс істеуге келісті. Қозғалыстар өздерінің дербестігін сақтай отырып, жастардың қоғамдық-саяси белсенділігін арттыруға, өңірлік көшбасшыларды даярлауға және Конституцияда айқындалған құндылықтарды ілгерілетуге күш біріктірмек, деп хабарлайды kznews.kz.
Жаңа Халық Конституциясы елімізде ауқымды саяси және қоғамдық өзгерістерге жол ашты. Бүгінде Конституцияда айқындалған құндылықтарды нақты қоғамдық бастамалар арқылы жүзеге асыру кезеңі басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет атап өткендей, Халық Конституциясының әлеуеті жастардың белсенді қатысуы арқылы толық ашылады. Сондықтан қоғамдық реформалардың табысты жүзеге асуы жастардың бастамашылдығы мен жауапкершілігіне де байланысты.
Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі ретінде Астанада Жаңа адамдар және Дала Қырандары қозғалыстарының кездесуі өтті. Жиында жүйелілік пен жауапкершілік, жасампаз патриотизм, «Заң мен Тәртіп» қағидаты, экологиялық мәдениет, еріктілік және «Адал азамат» құндылықтары талқыланды.

Кездесу қорытындысында екі қозғалыс өздерінің дербестігін сақтай отырып, күш-жігерін біріктіруге және «Әділет» партиясының жастар қанаты ретінде бірлесіп жұмыс істеу туралы келісімге келді. Тараптардың айтуынша, бұл шешім Әділетті Қазақстан қағидаттарын ілгерілетуге және жастардың қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділігін арттыруға бағытталған.
Жаңа адамдар қозғалысының негізін қалаушы Асель Баденова өңірлердегі қозғалыс көшбасшыларының «Әділет» партиясының Саяси кеңесінің құрамына енгенін атап өтті.
«Бұл – меритократия қағидатының нақты көрінісі. Мүмкіндік нақты іспен өзін дәлелдеген адамдарға беріледі. Бірлескен жұмыс барысында ұстанымдарымыз бен мақсаттарымыздың үндес екеніне көз жеткіздік. Күшімізді біріктірсек, ауқымды бастамаларды жүзеге асырып, ел дамуына елеулі үлес қоса аламыз», – деді ол.
Ал Дала Қырандары қозғалысының жетекшісі Мади Рымжанов жастар қанатының даму бағыты мен өңірлердегі жұмысты ұйымдастыру мәселелері талқыланғанын айтты.
«Біз жастар қанатын қандай бағытта дамытатынымызды, оның қандай қағидаттарға сүйенуі керектігін, өңірлердегі жұмысты қалай ұйымдастыру қажеттігін және бұл үдерісте біздің қозғалыстың рөлін бірге талқыладық», – деді Мади Рымжанов.

Тараптардың мәліметінше, ынтымақтастықтың басты мақсаты – қоғамдық және саяси өмірге белсенді араласатын, бастама көтеріп қана қоймай, оны жүзеге асыруға жауапкершілік алатын жастар ортасын қалыптастыру. Бұл бағытта екі қозғалыстың өңірлік командаларды дамыту және көшбасшыларды даярлау тәжірибесі біріктірілмек.