Алматыда мыңнан астам белсенді жас Үлкен Алматы өзенінің жағалауын тазартып, бір күнде 20 тонна қоқыс шығарды, деп хабарлайды Kznews.kz.
«Жаңа адамдар» қозғалысының еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 1000-нан астам белсендісі Алматы қаласындағы Үлкен Алматы өзенінің жағалауында ауқымды экологиялық акция өткізді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мөлдір бұлақ» және «Таза Қазақстан» жобасы аясында ұйымдастырылған бұл шара диджейлік музыканың сүйемелдеуімен ерекше форматта өтті.
Музыка ырғағымен бірге жұмыс істеген жастар қысқа уақыт ішінде аумақтан 20 тоннадан астам қалдық жинап шығарған. Бұл акция қоғам назарын қоршаған ортаны қорғауға аударып, әр адамның табиғат алдындағы жауапкершілігін арттыруды көздейді.
Шара барысында ұйымдастырушылар бірреттік пластиктен бас тарту мақсатында арнайы жасалған көп рет қолданылатын бөтелкелерін көпшілікке таныстырды. Белсенділер мұндай бұйымдарды күнделікті тұрмыста тұрақты пайдалану табиғаттың ластануын азайтуға айтарлықтай көмектесетінін алға тартты.
Жақында қабылданған жаңа Конституцияда табиғатқа жанашырлық таныту қоғамның басты қағидаттарының бірі ретінде бекітілген болатын. Осыны негізге алған қатысушылар бұлақ көздері мен өзен жағалауларын тазарту арқылы әрбір адамның ел тазалығына жауапты екенін көрсетіп, тұрғындарды қоршаған ортаға жанашыр болуға шақырды.