«Жаңа адамдар» жастар қозғалысы Өзбекстанның Бұхара қаласында өткен LESLIE SLM 2026 халықаралық конференциясында Арал теңізін сақтауға арналған ерекше бастамасын таныстырды.
Жер және су ресурстарын тұрақты басқаруға арналған халықаралық жиынға зерттеушілер, ғалымдар, оқытушылар, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Конференцияда су ресурстарын тиімді пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және өңірлік экологиялық мәселелерді бірлесіп шешу жолдары талқыланды, деп хабарлайды kznews.kz.
Шара аясында «Жаңа адамдар» қозғалысының өкілдері Арал теңізінің тағдырына назар аудару мақсатында арнайы әзірленген кілемді көпшілікке ұсынды. Онда «Арал – ортақ жауапкершілік. Оның болашағы күш біріктіруді талап етеді» деген үндеу бейнеленген.
Бастаманың Бұхара қаласында таныстырылуы да кездейсоқ емес. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан тарихи шаһар кезінде сауда-саттықпен қатар мәдениет, білім мен идеялар алмасатын маңызды орталық болған. Ұйымдастырушылар осы тарихи сабақтастық арқылы Орталық Азия елдерінің су мен жер ресурстарын сақтаудағы ортақ жауапкершілігін көрсетуді көздеген.
– Аралды қалпына келтіру мемлекеттер арасындағы келісімдерсіз, ғалымдардың ынтымақтастығынсыз және азаматтардың қатысуынсыз мүмкін емес. Солтүстік Аралдың тәжірибесі жүйелі шешімдер мен бірлескен жұмыстың жағдайды өзгерте алатынын көрсетеді. Сондықтан бұл жұмысты жалғастырып, өңір елдері арасындағы ынтымақтастықты кеңейту маңызды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, ешбір ел жалғыз жортып, табысқа жете алмайды, сондықтан аймақтық және жаһандық деңгейде күш жұмылдыруға баса мән беру керек, – деді «Жаңа адамдар» қозғалысының өкілі Бауыржан Аманов.
Қозғалыстың AntiTrash азаматтық науқаны төрт жылдан астам уақыт бойы экологиялық мәселелермен айналысып келеді. Алғашында заңсыз қоқыс үйінділерімен күреске бағытталған бастама кейін Каспий теңізінің тартылу мәселесін көтеріп, түрлі экологиялық акциялар мен перформанстар ұйымдастырған.
Ұйым өкілдерінің пікірінше, Арал теңізінің болашағы тек жекелеген мемлекеттердің ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінің бірлескен іс-қимылына байланысты.
Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев су ресурстарын басқару саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызын бірнеше рет атап өткен. Мемлекет басшысы Арал теңізін қалпына келтіру бағытындағы жұмыстарды ғылыми негізделген және жүйелі шешімдердің нәтижеге жеткізе алатынының мысалы ретінде келтірген.