Жуалы аудандық соты ӘҚБтК-нің 73-бабы 1-бөлігі (отбасылық-тұрмыстық қатынастарда былапыт сөз айту) бойынша азамат Т.-ға қатысты істі қарады, деп хабарлайды kznews.kz.
Іс материалдарына сәйкес, мейрамханадағы үйлену тойы кезінде Т. жұбайынан қазақтың көне дәстүрі бойынша үлкен әпкесіне сәлем салуды сұраған. Алайда әйелі бұл өтінішті орындаудан бас тартқан. Кейін үйге келген соң, күйеуі әйелінің әрекетіне реніш білдіріп, оған былапыт сөз айтқан.
Сот отырысында Т. өз кінәсін толық мойындап, жұбайынан кешірім сұрағанын және олардың медиация арқылы татуласқанын айтып, істі тоқтатуды сұрады.
Жәбірленуші де күйеуінің қайын енесіне қоңырау шалып, «қызы мен немерелерін алып кетуді» дөрекі түрде талап еткенін жеткізді. Дегенмен ол да татуласуға байланысты істі тоқтатуды жөн көретінін айтты.
Сот тараптардың медиация тәртібімен келісімге келгенін ескеріп, іс жүргізуді тоқтатты.
Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ.