Жамбыл облысында күтпеген жағдай тіркелді: қайтыс болды деп танылып, жерленді делінген әйел бір айдан кейін аман-есен табылған, деп хабарлайды kznews.kz.
1953 жылы туған әйел 2024 жылдың тамыз айында Тараз қаласына әпкесінің үйіне қоныс аударған. 2025 жылғы Құрбан айттан кейін ол хабар-ошарсыз кеткен. Жақындары бірден полицияға жүгінген.
Арада бірнеше ай өткен соң, 2025 жылдың тамызында ауыл маңындағы дала аумағынан әйел адамның мәйіті табылып, қылмыстық іс қозғалған. Туыстары табылған мәйітті жоғалған анасы деп танып, соның негізінде өлім туралы акт рәсімделіп, тиісті куәлік берілген.
Алайда бір айдан кейін, 2025 жылдың қыркүйегінде әйел Жамбыл ауданының Қостөбе ауылындағы ағасының үйіне өзі келіп, тірі екені анықталған. Осыдан кейін оның қызы анасының құқықтық мәртебесін қалпына келтіру үшін сотқа жүгінген.
Әйелдің айтуынша, Құрбан айттан кейін Айша бибі ауылына барып, пияз теру жұмысына араласқан және сол жақта уақытша тұрған. Кейін зейнетақысының тоқтағанын байқап, Таразға келгенде өзінің ресми түрде «қайтыс болған» деп тіркелгенін білген. Туыстары оның кейде ескертусіз ұзақ уақытқа кетіп қалатын әдеті барын айтқан.
Жамбыл аудандық соты табылған мәйіттің басқа адамға тиесілі екенін анықтады. Тергеу барысында эксгумация жүргізіліп, қосымша сот-медициналық және генетикалық сараптамалар тағайындалған.
Нәтижесінде марқұмның нақты кім екені анықталып, өлім фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс тоқтатылған. Ал сот талап арызды қанағаттандырып, өлім туралы куәлікті жарамсыз деп таныды. Тиісті акт жазбасының күші жойылып, шешім заңды күшіне енді.