Жамбыл облысындағы “Аса–Ақкөл” автожолында автобус пен Volkswagen Golf көлігі соқтығысып, жеңіл автокөліктің жолаушысы оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Kznews.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Van Hool маркалы автобустың жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қарсы бағытта келе жатқан жеңіл көлікпен соқтығысқан.
"Жол апаты салдарынан жеңіл автокөліктің жолаушысы оқиға орнында қаза болған, ал жүргізушісі ауруханаға жеткізілді. Басқа зардап шеккендер жоқ", - дейді полиция.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция ауа райының қолайсыздығына байланысты тұрғындарды мүмкіндігінше алыс сапарды уақытша шегеріп, жылдамдық режимін сақтауға, жолда қауіпсіз арақашықтықты ұстап, жеке қауіпсіздік талаптарын қатаң орындауға шақырды.