Алматы облысының Талғар ауданында Chevrolet Cobalt жүргізушісі тұрғын үй кешенінің ауласында екі баланы қағып кетті, деп хабарлайды kznews.kz.
Жол-көлік оқиғасы 4 қыркүйек күні сағат 18:20 шамасында Бесағаш ауылындағы «Нұрия» тұрғын үй кешенінің аумағында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 25 жастағы жүргізуші көлігімен жүріп келе жатып, екі кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кеткен.
Апат салдарынан балалар түрлі дене жарақатын алған. Оларға оқиға орнында алғашқы көмек көрсетіліп, кейін ауруханаға жеткізілген.
Куәгерлердің айтуынша, зардап шеккен қыздардың бірі соқтығыстан кейін біраз уақыт ес-түссіз жатқан. Сондай-ақ жергілікті тұрғындар көліктің жылдамдығы шамамен 40 км/сағ болғанын болжаған. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Алматы облысының полициясы жол-көлік оқиғасына қатысты тиісті шаралар қабылданғанын хабарлады. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.