Танымал әнші Алтынай Жорабаева қызының ұзату тойынан соң журналист Анна Данченкоға сұхбат беріп, бұрынғы жолдасы, актер Сәбит Әбдіхалықовтың мерекелік шараға келмегеніне қатысты ойын айтты, деп хабарлайды kznews.kz Sn.kz ақпарат порталына сілтеме жасап.
Өнер иесінің сөзінше, қыздары бастапқыда әкелерімен қарым-қатынасты үзбеуге тырысқан. Олар әкесінің үйіне барып, жағдайын біліп, араласуға әрекет жасаған. Алайда уақыт өте келе Сәбит Әбдіхалықов тарапынан байланыс орнатуға, қамқорлық көрсетуге немесе өзі іздеп хабарласуға деген бастама болмаған. Осыдан кейін қыздары да әкесімен араласуды тоқтатқан.
«Алғашында қыздар барып жүрді, үйіне де барды, жағдайын сұрады. Бірақ өзі іздемесе, хабарласпаса, көмектеспесе, біз қайта-қайта барып, жалынып жүрмейміз деп шештік», – деді әнші.
Алтынай Жорабаева қазіргі жұбайы Әлішердің қыздарына көрсетіп жүрген қамқорлығы мен әкелік мейіріміне де тоқталды. Әншінің айтуынша, жолдасы қыздарын өз балаларындай қабылдап, оларға барынша көңіл бөліп, сүйіспеншілігін көрсеткен.
«Әлішер оларды өз қанатының астына алып, нағыз әкелік махаббат сыйлады. Қыздардың өзі бір жылға жетпейтін уақытта оны "папа" деп атай бастады. Мен үшін ең маңыздысы – Әлішердің оларға деген шынайы сезімі. Сондықтан тек биологиялық әкесі болғаны үшін біреуді төрге шығара алмаймын», – деді өнер иесі.
Әнші бұрынғы жұбайына қатысты ешқандай өкпе-реніші жоқ екенін де атап өтті. Оның айтуынша, қыздарына да адамдарға өкпе сақтамай, кешіре білуді үйретіп келеді.
Сұхбат соңында Алтынай Жорабаева Сәбит Әбдіхалықовқа тек жақсы тілектерін білдірді. Ол актердің қазіргі отбасымен бірге амандықта, тыныш әрі бақытты ғұмыр кешуін тілейтінін жеткізді.