Бектенов Алматы ЖЭО-ларындағы жаңғырту жұмысын шұғыл тексеруге тапсырма берді
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

«Жалақымнан бір жыл бойы 50 мың теңге аудардым»: паракаратэші әділет іздейді

«Жалақымнан бір жыл бойы 50 мың теңге аудардым»: паракаратэші әділет іздейді
Фотоиллюстрация: Kznews

Паракаратэші Жетес Нұрмағанбетов басшылық тарапынан қысым көргенін айтып, құзырлы органдардан әділдік сұрап отыр. Бұл туралы ол Sportbugin.kz тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.

Спортшының айтуынша, WKF каратэден Астана қалалық федерациясының вице-президенті Мейрамгүл Дукуева бір жылдан астам уақыт бойы оның жалақысынан ай сайын 50 мың теңгеден аудартып отырған.

38 жастағы Жетес Нұрмағанбетов – бірінші топтағы мүгедек. Церебралды сал ауруына шалдыққан ол паракаратэмен 2021 жылдан бастап айналыса бастаған. Оның айтуынша, спорттағы алғашқы қадамдары үмітпен басталғанымен, кейін түрлі қысымға ұласқан.

«Бастапқыда бізге жақсы нәтиже көрсетсеңдер, жұмысқа аламыз деді. 2022 жылы жұмысқа қабылдады. Жалақымыз 102 мыңнан 120 мың теңгеге дейін өсті. Бірақ ай сайын 50 мың теңгені белгілі бір адамдардың Kaspi Gold нөмірлеріне аударып отырдық», – дейді ол.

Нұрмағанбетов бастапқыда бұл қаражат мұқтаж жандарға көмек ретінде жіберіледі деген түсінік берілгенін айтады.

«Қайда, не үшін аударып жатқанымызды сұрағанда, жалғызбасты аналар мен көпбалалы отбасыларға беріледі деді», – дейді спортшы.

Алайда уақыт өте келе бұл талаптың заңдылығына күмәнданған спортшы ипотека алғаннан кейін ай сайынғы аударымды тоқтатқысы келген. Сол кезде оған қысым көрсетілгенін жеткізеді.

«Ипотека төлеп отырған адамға бұл оңай емес. Ақша аударуды тоқтататынымды айтқанда, “жұмыстан шық” деді», – дейді ол.

Сонымен қатар, ол құжат жүзінде гардеробшы және программист ретінде тіркелгенін, бірақ іс жүзінде тек жаттығумен айналысқанын айтады.

2026 жылдың қаңтарында Жетес Нұрмағанбетов e-Өтініш арқылы ресми арыз жазған. Оның айтуынша, арада он күн өткен соң федерация өкілі үйіне келіп, кешірім сұрап, 1 млн 150 мың теңгені қолма-қол қайтармақ болған.

«Егер бәрі заңды болса, неге кешірім сұрап, ақша әкеледі? Мен ол ақшаны алмадым. Кейін олар ақша аударған нөмірлер арқылы маған қайта жіберді», – дейді спортшы.

Ол сондай-ақ өзінен бөлек тағы шамамен 10 адамның осындай жағдайға тап болғанын алға тартады. Аталған мәселе бойынша спортшы прокуратураға, полицияға және ҰҚК департаментіне шағым түсірген. Алайда оның адвокаты Дастан Игубаевтың айтуынша, іс әлі күнге дейін толыққанды қаралмай отыр.

«Қылмыстық құрам жоқ деген сылтаумен іс қайта-қайта тоқтатылып жатыр. Бұл жағдай назардан тыс қалмауы керек», – дейді адвокат.

Ал аталған айыптауларға қатысты Мейрамгүл Дукуева бұл ақпаратты жоққа шығарды.

«Бұл – жала. Бұған дейін де арыздар болған, ешқайсысы дәлелденген жоқ. Қаласа, тағы да сотқа жүгінсін», – деді ол.

Айта кетейік, осы мәселеге байланысты Sportbugin.kz сайты ҚР Туризм және спорт министрлігіне ресми сауал жолдады.

Автор
Асқар Алтайұлы

Kznews.kz сайтының Бас редакторы. ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі. Медиаменеджер. БАҚ саласында 22 жылдық тәжірибесі бар. Кәсіби блогер.