KZNews.kz
Қоғам

“Жағымнан темірмен ұрды”: Отарда сарбаздың жағын сындырып, оны пәтерде жасырып ұстаған (ВИДЕО)

Айжан Сыланова
Фото: видеодан скриншот

Желіде сарбаздардың бірі Отар әскери бөлімшесінде ауыр жарақат алғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды kznews.kz.

Telegram-дағы «Письма Президенту» арнасының жазуынша, жараланған сарбазға алғашқы ота жасалғанымен, толыққанды медициналық көмек көрсетілмеген. Кейін оның туыстары оны пәтерде ұстағанын анықтап, қосымша зерттеу барысында операцияның дұрыс орындалмағаны белгілі болған. Қазіргі уақытта зардап шеккен әскери қызметші Алматы қаласындағы әскери госпитальде емделіп жатыр.

Әскери полиция басқармасы аталған фактіні растады және әскери қызметкерге күш қолдану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Ведомство хабарлағандай, оқиға салдарынан бір әскери қызметші жақ сүйегіне ауыр жарақат алған. Ол қазір Әскери-клиникалық госпитальде барлық қажетті медициналық көмекті алып, денсаулығы әскери дәрігерлердің тұрақты бақылауында.

Оқиға бойынша материалдар Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай реестріне тіркелген және толық тексеру жүргізілуде. Тергеу барысында оқиғаға қатысушылардың, сондай-ақ әскери бөлімшенің жоғары командалық құрамының әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Сонымен қатар, медициналық көмекті ұйымдастыруға жауапты бірнеше лауазымды тұлғалар қызметтен уақытша шеттетілген.

Әскери полиция өкілдері кінәлілер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапқа тартылатынын айтты. Бұл жағдай Қазақстан Қарулы күштері басшылығының ерекше бақылауына алынған.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →