Хоккейден Қазақстан құрамасы Бірінші дивизиондағы әлем чемпионатындағы төртінші кездесуін өткізіп, Украина құрамасын тартысты матчта жеңді, деп хабарлайды kznews.kz.
Бас бапкер Талғат Жайлауов Украинаға қарсы матчқа мынадай құрамды шығарды: Бояркин (Шутов) — Михайлов-Данияр, Старченко-Шестаков-Муратов; Бекетаев-Оразов, Савицкий-Омирбеков-Қайыржан; Никитин-Бреус, Симонов-Логвин-Ляпунов; Гайтамиров-Хорошев, Асетов-Шайхмедденов-Ғатиятов.
Кездесудің алғашқы кезеңінде есепті 13-минутта Всеволод Логвин ашты. Екінші периодта Украина таразы басын теңестіргенімен, араға көп уақыт салмай Кирилл Ляпунов (31-минут) Қазақстанды қайта алға шығарды. Ал 33-минутта Роман Старченко есеп айырмасын ұлғайтты.
Алайда қарсылас команда кейін қатарынан үш шайба соғып, ойынның тағдырын қиындата түсті. Матчтың 52-минутында Батырлан Мұратов есепті теңестіріп, таблодағы көрсеткіш 4:4 болды. Нәтижесінде ойын овертайм мен буллиттер сериясына ұласып, онда Қазақстан құрамасы 5:4 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша Қазақстан құрамасы 11 ұпай жинап, Бірінші дивизиондағы әлем чемпионатында мерзімінен бұрын бірінші орынды иеленді. Бұл нәтиже ұлттық құраманың әлем хоккейінің элиталық дивизионына қайта оралуына жол ашты.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық хоккейшілер Литваны (4:1), Жапонияны (6:0) және Польшаны (3:2) жеңген болатын.