Қазақстандық Shoqansuits ерлер киімі бренді әлеуметтік желіде сынға ұшырады. Оған компанияның қазақтарды мазақ етіп түсірген "Борат" фильмі кейіпкерінің образын жасап, желідегі парақшасына жариялауы себеп болды. Олардың бұл әрекеті қазақстандықтардың ашуына тиіп, брендтке бойкот жариялауға көшті. Бұл туралы kznews.kz тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Shoqansuits әлеуметтік желідегі парақшасында Борат образымен түсірілген видеоны жариялады. Алайда кейін бұл видеоны Instagram және TikTok парақшасынан өшіріп тастады. Сонда да халық бұл контентті қапы қалдырмай Threads желісіне салып, брендті және оның өкілдерін әбден сынады. Олар мұны Қазақстанның имиджіне нұқсан келтіретін кейіпкерді насихаттау деп атады. Ал кейбірі компания өнімдеріне бойкот жариялауға шақырды.
“Бұл не бассыздық? Сорақылық? Надандық? Қазақ ұлтын, халқын, жерін қорлап, әлемге масқаралаған Боратты неге әспеттеп жатсыңдар? Кәсіптерің тек орысша! Тілге құрметтерің жоқ,үндемедік! Енді мынау! Неге басынып отырсыңдар?! Ақша әрине маңызды, бірақ қағаз үшін осындай лас, жиіркенішті деңгейге түсесіңдер ме? Қандай оймен салдыңдар?”, – деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Тағы бір қолданушы брендтің әрекетін сәтсіз маркетинг емес, қазақ халқына деген құрметтің төмендігі деп бағалады. Оның айтуынша, Қазақстанда кәсіп жүргізетін компания ең алдымен қазақ тіліне басымдық беріп, елдің мәдениеті мен қоғам ұстанымын ескеруі керек.
“Халықты ақымақ көруді қою керек. Шетелдік аудиторияға тауарын өткізу үшін әлгі фильмнің кейіпкерін жарнамалық роликке тықпалау, сосын артынан бізден жай ғана жазбаша кешірім сұрай салу – өте төмен маркетингтік тәсіл. Маркетингтік қана емес, жалпы елге, халыққа деген құрметтің төмендігі. Әйтпесе, ол мокюментари фильмге біздің халықтың наразылығын Қазақстанда бәлембай жыл тұрып, нанын жеп, суын ішкен адамның білмей қалуы мүмкін емес. Қазақ тіліне расымен де құрмет көрсеткіңіз келсе контентті 90% қазақша жүргізіңіз”, - деп жазды ол.
Тағы бірі компанияның кешірім сұрау тәсілін сынап, “Борат” образын қолдануды жай ғана сәтсіз контент деуге болмайтынын айтты. Оның пікірінше, бұл Қазақстан қоғамы үшін бұрыннан даулы әрі сезімтал тақырып.
“Тағы да, ар-намыс пен хайптың қамы. Сонда қазақтар біз сондай сорлымыз ба? Әбден ашуландым, “из-за ожной неудачной публикации” дейді. Сонда бұл нәрсені ол құнсыздандырып тек сәтсіз контент ретінде көріп тұр ма!? Әрине, өз еліне жаны ашымайтын адамды қинап ел жанашыры қыла алмаймыз. Бірақ сол бір адыра қалғыр киноның біздің еліміз үшін жанның жарасы екенін біледі ғой. Әр бастық өз қызметкерінің жұмысы жайлы хабардар болуы қажет. Хабардар болу мүмкін емес, жұмыс жасайтын топтар көп деген құр сылтау!”, – деп жазды тағы бірі.
Көптің сынынан кейін брендтің негізін қалаушы Ұлықбек Шәріпов мәлімдеме жасап, дауға қалған видеоны өшіргенін хабарлады. Ол Борат образын пайдалану арқылы қазақ халқын қорлау мақсаты болмағанын айтты.
“Аталған видеоны өшіріп тастадық. Біздің мақсатымыз Бораттың бейнесін хайп үшін пайдалану немесе Қазақстанға, қазақ халқына, ұлттық мәдениетімізге не мемлекеттік тілімізге құрметсіздік көрсету болған жоқ. Бірақ егер қоғам оны дәл солай қабылдаса, демек, біз бұдан міндетті түрде сабақ алуымыз керек. Біз барлық пікірді мұқият оқып шықтық және оларды міндетті түрде ескереміз. Біз үшін Қазақстанға, қазақ тіліне және ұлттық құндылықтарға деген құрмет – жай ғана сөз емес. Біз қазақстандық брендті осы елде дамытып келеміз, жұмыс орындарын ашып, білім саласына инвестиция салып жатырмыз”, - деп жазды Шәріпов.
Сонымен қатар компания алдағы уақытта қазақтілді контент санын көбейтетінін мәлімдеді.
“Контент тіліне қатысты пікірлерді де түсінеміз. Бүгінде аудиториямыздың едәуір бөлігі – орыстілді оқырмандар, сондықтан контенттің бір бөлігі сол аудиторияға бейімделіп орыс тілінде жарияланады. Бірақ бұл “қазақ тіліне құрмет жоқ” дегенді білдірмейді. Біз қазақ тілінде де тұрақты түрде контент жариялап келеміз және алдағы уақытта оның үлесін одан әрі арттыра береміз. Ең бастысы, қателікті мойындап, одан сабақ алып, қайталамауға тырысу. Бүгін біз дәл осыны жасап жатырмыз”, – деп жазды Шәріпов.
Оған қоса кәсіпкер бейжай қалмай, өз пікірін білдірген әр азаматтың пікірін ескеретінін айтты.
Алайда кәсіпкер Ұлықбек Шәріповтің мәлімдемесі де дауды тоқтатпады. Кәсіпкерді қолдап шыққандар да, оны сынауын жалғастырғандар да болды. Солардың бірі – блогер Missanov. Ол әлеуметтік желіде Ұлықбек Шәріповке қолдау білдіріп, сын айтып жатқандарға үн қатты.
“Адамдарға біреуге кедергі жасап, жамандық істеуді жақсы көреді. Өздері ештеңе өндірмейді, салық төлемейді, отбасы асырамайды. Сондықтан өзгелерді де өздері сияқты көреді. Бизнес жабуды жұмыстан шығумен бірдей деп ойлайды. Сабыр сақта, бауырым! Өз ұстанымыңнан тайма! Сен – Қазақстанның лайықты перзентісің!”, – деп жазды блогер.
Алайда бұл пікір де көпшіліктің ашуын туғызды. Желі қолданушылары блогердің сөзін қолдамай, өзгелер де салық төлейтінін
“Ұлықбек қателік жасады, барынша ақталып жатыр, missanov бұл әрекетті дұрыс деп жатыр. Chapsan - ға тек табысты ұйғырлар тамақ ішуге келе ме? Сендер бойкотты missanov - қа жасаңдар, Ұлықбек қателікті мойындап жатса, ал басқа біреу сенің жасағаның дұрыс деп жатыр. Мен үшін бүгіннен бастап, shoqan, chapsan есігі жабық. Шүкір, киімсіз, тамақсыз қалмаймын. Сендер де ойланып көріңдер, іште аз да болса да, намыс болса”, – деп жазды желі қолданушысы.
“Осы екеуі қай жерімен ойланады. Бораттың кім екені бәрімізге белгілі. Қазақстанда тұрып табыс тауып жатыр, енді бізге ренжіп тұр. Ренжігіш болса басқа елге барып жасасын бизнес. Бораттан басқа обрыз құрып қалдыма. Мына Missanov алауыздық тудырмай ойланып сөйлесін”.
“Ұлтқа бөлінбеймін, бірақ қазақ тілінде сөйлейтін адамның барлығы қазаққа жаны ашиды деген сөз емес. Ұлықбек, Missanov дегендер ұйғыр ұлтынан, екеуіде қазақша сөйлей алады, бірақ мақсат тілді құрметтеу емес, тіршілік үшін. @shoqansuits болмаса да киімсіз қалмаймыз, басқа да классикалық костюм сататын мықты брендтер бар. Ал инстаграм салғаны кешірім емес, керісінше бізге ренжіп, өздерің ештеңе жасамай жатырсыңдар, қателікті кешір деп. Егер адам шынайы қателігін мойындағанда видео неге салмады”.
Борат – британдық актер әрі комик Саша Барон Коэн ойлап тапқан ойдан шығарылған кейіпкер. Ол алғаш рет 1990 жылдардың соңында британдық телебағдарламаларда пайда болып, 2006 жылы жарық көрген “Borat: Cultural Learnings of America for Make Benefit Glorious Nation of Kazakhstan” фильмінен кейін әлемге кеңінен танылды.
Фильмде Борат өзін Қазақстаннан келген журналист ретінде таныстырып, АҚШ-қа сапар шегеді. Алайда оның киімі, сөйлеген сөзі, мінез-құлқы мен әрекеттері әдейі тұрпайы әрі күлкілі етіп көрсетілген. Бұл арқылы автор америкалық қоғамдағы нәсілшілдік, сексизм және басқа да әлеуметтік мәселелерді әшкерелеуді көздеген.
Дегенмен фильмде Қазақстан туралы көптеген жалған әрі жағымсыз ақпарат айтылған. Мысалы, ел кедей, мәдениетсіз мемлекет ретінде, ал қазақтар сауатсыз әрі оғаш адам ретінде бейнеленеді. Фильмде қолданылған ауыл, тіл, ән-күй мен дәстүрлердің басым бөлігі Қазақстанға қатысы жоқ, ойдан шығарылған немесе басқа елдердің мәдениетінен алынған.
Осыған байланысты фильм Қазақстанда және шетелдегі көптеген қазақтың наразылығын тудырды. Көпшілік Борат образын қазақ халқының ар-намысына тиетін, елдің халықаралық беделіне нұқсан келтіретін карикатуралық бейне деп санайды.
2020 жылы фильмнің екінші бөлімі – “Borat Subsequent Moviefilm” жарық көрді. Ол да Қазақстанда сынға ұшырады. Алайда кейінгі жылдары Қазақстан туризмді насихаттау мақсатында фильмдегі “Very nice!” сөзін жарнамалық ұран ретінде пайдаланғанымен, Борат кейіпкерінің өзі қоғамда әлі күнге дейін даулы образ болып қала береді.
Бұл “Борат” образына байланысты болған алғашқы жағдай емес. Бұған дейін оңтүстіккореялық ENHYPEN тобының мүшесі Ян Чонвон хореографиясын астаналық биші Рания қойған "Bloody Paradise" әніне билеп, видео жариялады.
Қазақстандықтар әншінің Бораттың суреті бар шолақ жейде кигенін байқап, оны сынға алды. Видео жарияланған соң қазақстандықтар X әлеуметтік желісінде наразылық білдірді. Олар биді қазақстандық қыз қойғанына емес, әртістің Қазақстанды келемеждейтін әрі ел туралы жалған стереотиптердің символына айналған Борат бейнеленген футболкамен өнер көрсеткеніне наразы болды.
Қазақстандықтардың сынынан кейін әнші футболканы кигені үшін кешірім сұрап, оның Қазақстанға қатысты жағымсыз стереотиптермен байланысты екенін білмегенін айтты. Оған қоса ол видеоны ресми парақшасынан өшіріп, алдағы уақытта мұндай қателікке жол бермейтінін жеткізді.
“Қазақтар сиыр мініп жүреді деп ойладым”
Ресейлік блогер әрі режиссер Илья Лучкин Қазақстанда 7DAYS брендіне жарнамалық ролик түсірген соң ел туралы айтқан сөздері үшін сынға қалды. Оның Қазақстанды келемеждеген видеосы әлеуметтік желіде тарап, көпшіліктің наразылығын туғызды. Себебі ол видеода “Қазақстан туралы Борат фильмінен ғана білетінмін, "қазақтар сиыр мініп жүреді деп ойлағанмын” деп айтады.
Бұл сөзді желі қолданушылары елді менсінбеу және Қазақстан туралы жалған стереотиптерді қайталау деп қабылдады.
Қоғамдық сыннан кейін Илья Лучкин видеоны өшіріп, кешірім сұрады. Алайда оның жазбасы көпшіліктің ашуын одан сайын өршітпесе, басқан жоқ.
“Бұл Қазақстандағы алғашқы әрі соңғы жобам болған сияқты. Халықаралық тақтұяқтылар көлігі қауымдастығынан және тым сезімтал пікір жазушылардың бәрінен кешірім сұраймын. Менікі дұрыс болмады”, – деп жазды ол.
Желі қолданушылары бұл сөздерді шынайы кешірім емес, мысқыл ретінде қабылдап, режиссерді қайта сынға алды. Оқиғадан кейін 7DAYS компаниясы Илья Лучкиннің Қазақстан туралы айтқан пікірлері бренд ұстанымын білдірмейтінін мәлімдеп, халықтан кешірім сұрады. Компания бұдан былай режиссермен жұмыс істемейтінін хабарлады.