KZNews.kz
Спорт

«Халық жүндей түтеді…»: Бақыт Сәрсекбаев Михаил Шайдоровқа даңқ пен сынға бірдей дайын болуды ескертті

Дархан Тоқан

Бейжің Олимпиадасының чемпионы, боксшы Бақыт Сәрсекбаев Қысқы Олимпиадада топ жарған қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровты құттықтап, әлеуметтік желідегі парақшасында ағалық ақылын айтты, деп хабарлайды Kznews.kz 1bol.kz сайтына сілтеме беріп.

Спорт ардагері жас чемпионның жеңісін үлкен еңбекпен келген нәтиже деп бағалап, өзінің Олимпиадаға апарар жолындағы тәжірибесін еске алды.

«Жарадың, Миша! Жарадың, бауырым! Олимпиада чемпионы болудың оңай емес екенін, қиын да ауыр жолдан өтпей, алтын жоқ екенін дәлелдедің! Сен өткен жолдан мен де өткенмін, басқа да Олимп шыңын бағындырған ағаларың да өткен. Талай рет көкірегімнен итеріп, аяғымнан шалғандар болған. Талай рет сынып кететіндей кездер болған, соған сынбағанымның арқасында арманыма жеттім», - дейді ол.

Сондай-ақ Бақыт Сәрсекбаев кейінгі жылдары қазақ спортының еңсесі тіктеліп, жүйеде оң өзгерістер болғанын атап өтті. Ол Михаилдың жеңісіне спорттағы көзге көрінбейтін еңбегі бар жандардың да ықпалы тигенін тек спортшылардың өзі жақсы түсінетінін жеткізді.

«Сенің де 5 жыл бұрын көргеніңді біреулер жарыса жазып жатыр ғой, жерден жеті қоян тапқандай. Бәріміздің басымыздан өткен… Сол 5 жыл бұрынғы басшылардан да қайыр көрген жоқпыз. Ол тәтеміз концерт пен фейерверктен қолы босамай кетті ғой, әйтеуір. Оған менің сол кездегі жазған жазбаларым куә. Аллаға мың шүкір, одан бері заман өзгеріп, басшылар ауысып, спорттың көзі ашылды. Қазақ спорты еңсесін көтеріп, әрбір жарыстан жақсы жаңалықтармен оралып жүрміз. Сенің де Олимпиада шыңын бағындыруыңа көптеген адамдардың септігі тигенін, тек спортшылар ғана түсінеді. Әлі жассың ғой, әлі де алар асуың көп, келесі Олимпиада алтынын да сыйларсың бізге!», - деп жазды атақты боксшы.

Жазба соңында ол спортшыға сабыр сақтаудың маңызын айтып, танымалдықтың да, сынның да салмағы ауыр болатынын ескертті.

«Мишабай – Мәке, кешегі күн сенің күнің, сенің екінші туылған күнің! Бұл күн қайтып келмейді, және ұзаққа да созылмайды. Қазіргі көкке көтерген халық, сәл шалыссаң, жүндей түтеді, басымыздан өткен. Бауырым, аңқылдаған түріңді көріп, жүрегім езіліп қуандым, осы қалпыңда қал! Кешегі тырнақ астынан кір іздеген бәлеқорларға ерме, ешкімнің жетегінде кетпе! Түн баласы ұйқы көрмей, сенің тілеуіңді тілеген халқыңның қуанышын су сепкендей еткісі келген лаңкестерден аулақ бол! Қош келдің Мәке, қатарымызға! Сәлеммен Бәке!», - деп жазды боксшы.

Дархан Тоқан
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →