Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев Италияда өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан алтын медаль жеңіп алған Михаил Шайдоровты құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Сәрсекбаев Олимпиада чемпионы атанудың оңай еместігін атап өтіп, бұл жетістік үлкен еңбек пен табандылықтың нәтижесі екенін айтты.
"Жарадың, Миша! Жарадың, бауырым! Олимпиада чемпионы болудың оңай емес екенін, қиын да ауыр жолдан өтпей, алтын жоқ екенін дәлелдедің! Сен өткен жолдан мен де өткенмін, басқа да Олимп шыңын бағындырған ағаларың да өткен. Талай рет көкірегімнен итеріп, аяғымнан шалғандар болған. Талай рет сынып кететіндей кездер болған, соған сынбағанымның арқасында арманыма жеттім.
Сенің де 5 жыл бұрын көргеніңді біреулер жарыса жазып жатыр ғой, жерден жеті қоян тапқандай. Бәріміздің басымыздан өткен... Сол 5 жыл бұрынғы басшылардан да қайыр көрген жоқпыз. Ол тәтеміз концерт пен фейерверктен қолы босамай кетті ғой, әйтеуір. Оған менің сол кездегі жазған жазбаларым куә. Аллаға мың шүкір, одан бері заман өзгеріп, басшылар ауысып, спорттың көзі ашылды. Қазақ спорты еңсесін көтеріп, әрбір жарыстан жақсы жаңалықтармен оралып жүрміз.
Сенің де Олимпиада шыңын бағындыруыңа көптеген адамның септігі тигенін, тек спортшылар ғана түсінеді. Әлі жассың ғой, әлі де алар асуың көп, келесі Олимпиада алтынын да сыйларсың бізге! Мишабай, Мәке, кешегі күн – сенің күнің, сенің екінші туылған күнің! Бұл күн қайтып келмейді, және ұзаққа да созылмайды. Қазіргі көкке көтерген халық, сәл шалыссаң, жүндей түтеді, басымыздан өткен. Бауырым, аңқылдаған түріңді көріп, жүрегім езіліп қуандым, осы қалпыңда қал! Кешегі тырнақ астынан кір іздеген бәлеқорларға ерме, ешкімнің жетегінде кетпе! Түн баласы ұйқы көрмей, сенің тілеуіңді тілеген халқыңның қуанышын су сепкендей еткісі келген лаңкестерден аулақ бол! Қош келдің, Мәке, қатарымызға! Сәлеммен Бәке!", – деп жазды Олимпиада чемпионы.