Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев қазақстандықтарға тауарды уақытында жеткізуге кепілдік беретін маркетплейстерді таңдауға кеңес берді, деп хабарлайды kznews.kz.
Үкіметтегі брифинг барысында журналистер Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтен Wildberries қоймаларындағы бірнеше өрттен кейін қазақстандықтарға бұл маркетплейс арқылы тауарға тапсырыс беруге қатысты қандай да бір кеңес бере ала ма деген сауал қойды.
Министрдің айтуынша, сатып алушылар ықтимал тәуекелдерді өздері бағалап, сенім артатын әрі тауарды уақытында жеткізуге кепілдік беретін маркетплейстерді таңдауы қажет.
«Менің кеңесім қарапайым: өздеріңіз сенетін маркетплейстерді таңдаңыздар. Жағдайды жан-жақты саралаңыздар. Ең бастысы – тауарды уақытында жеткізуге кепілдік беретін платформаны таңдау. Сонда тұтынушы ретінде құқықтарыңыз заңмен жақсырақ қорғалады», – деді министр.
Арман Шаққалиевтің айтуынша, маркетплейсті таңдағанда тек тауардың бағасына ғана емес, жеткізу қызметінің сенімділігіне де назар аудару қажет.
«Кейде нарықтағы бағадан айтарлықтай төмен ұсыныстар күмән тудыруы тиіс. Оның себебін және мұндай таңдаудың салдары қандай болуы мүмкін екенін түсіну маңызды», – деді ол.
Сондай-ақ министр қазақстандықтарға отандық маркетплейстердің қызметін жиі пайдалануға кеңес берді. Оның сөзінше, соңғы оқиғалар тұрақты логистика мен кепілдендірілген жеткізудің қаншалықты маңызды екенін көрсетті.
«Әрине, мүмкіндігінше еліміздегі платформалар арқылы тапсырыс беріп, сізге міндетті түрде жеткізілетініне кепілдік бар тауарды сатып алған дұрыс. Ең маңыздысы – осы», – деп түйіндеді Шаққалиев.
Еске салайық, шілде айында Wildberries компаниясының бірнеше қоймасында ірі өрт шыққан. Осыдан кейін маркетплейс пайдаланушылары тапсырыстарының сақталуы мен жеткізілу мерзіміне қатысты алаңдаушылық білдіре бастаған.