Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мектеп бітіру кештерін ұйымдастырудағы артық шығындарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Ол Оқу-ағарту министрлігінің бітіру кештерін мейрамхана, кафе секілді коммерциялық орындарда өткізбеу және ата-аналардан ақша жинауға жол бермеу жөніндегі ұстанымын қолдайтынын жеткізді.
Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары мектеп бітіру кештері шектен тыс сән-салтанатқа ұласып кеткен. Ол мұндай шаралар кейде «даңғаза жарысына» айналып бара жатқанын атап өтті.
Аймағамбетов кейбір ата-аналардың фотосессия, виньетка, мерекелік кеш ұйымдастыру секілді шығындарға қомақты қаражат жұмсауға мәжбүр болатынын айтты.
«Қазір қарапайым телефонмен-ақ суретке түсіп, виньетканы бірнеше минутта жасауға болады. Ол үшін ондаған мың теңге жұмсаудың қажеті қанша?» – деді депутат.
Сонымен бірге ол түлектер мен ата-аналардың мектеп бітіру кешін ерекше атап өткісі келетінін түсінетінін айтты. Дегенмен, әлеуметтік теңдік пен қауіпсіздік мәселесін де назардан тыс қалдырмауға шақырды.
Депутаттың сөзінше, кей жағдайда бітіру кешіне кететін шығын көлемі жүздеген мыңнан миллион теңгеге дейін жетіп, бұл көптеген ата-ананың наразылығын туғызып отыр.