Біздің Президент қандай адам?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Біздің Президент қандай адам?

Біздің Президент қандай адам?
Фото: Ақорда

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күні. Жетпіс үш жасқа толып отыр, деп хабарлайды kznews.kz.

Ашық дерекөздерде тараған ақпараттардан білетініміз, біздің Президентіміз туған күнін атап өткенді ұната қоймайды. 17-мамырдың да елімізде қатардағы күн ретінде өтіп жатқаны сондықтан шығар. Бәлкім, қазір Ақорда алыс-жақын шетел басшыларынан келіп түскен құттықтаулар легін жариялайтын болар...

Жалпы, кез келген мемлекет басқаруындағы тұлғаның жеке жұмыс мәдениеті әрдайым маңызды рөл атқарады. Әсіресе, қазіргі геосаяси тұрақсыздық пен ақпарат ағыны күшейген кезеңде ел басшысынан тек саяси тәжірибе ғана емес, жоғары тәртіп, жүйелі ойлау және интеллектуалды дайындық талап етіледі. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев туралы айтылған пікірлер мен оның жария қызметіне назар аударғанда да, дәл осы ерекшеліктер анық байқалады.

Тоқаевтың саяси жолы дипломатиялық қызметпен тығыз байланысты екенінен хабардармыз.

Ақордадағы ресми өмірбаянына сәйкес, ол Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын тәмамдап, еңбек жолын КСРО Сыртқы істер министрлігі жүйесінде бастаған.

Кейін Сингапур мен Қытайдағы дипломатиялық қызметтерде жұмыс істеп, халықаралық саясаттың күрделі ортасында тәжірибе жинақтады. 

Президенттің күнделікті жұмыс кестесіне қарағанда, оның қызмет форматы үздіксіз саяси және сараптамалық жұмысты талап етеді. Ақорда сайтында жарияланып отыратын күн тәртібінде халықаралық келіссөздер, Үкімет мүшелерімен кеңестер, заңдарға қол қою, аймақ әкімдерімен кездесулер және шетелдік көшбасшылармен байланыстар тұрақты көрініс табады. Кей-кейдегі тығыз жұмыс кестесі көпшілігімізді таңғалдыратыны да жасырын емес.

Тоқаевтың басқару стилі туралы пікір білдіргендердің бірі – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. 2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынған кезде ол: "Қасым-Жомарт Кемелұлы – тәжірибесі мол, білікті адам. Ол дипломат та болды, Премьер-Министр де болды, Сенатты басқарды. Мен онымен көп жыл бірге қызмет атқардым. Оның жауапкершілігін, ұқыптылығын және мемлекеттік іске деген көзқарасын жақсы білемін. Бұл – елімізге адал қызмет етіп келе жатқан мемлекет қайраткері", деген-ді

Бұл пікір Тоқаевтың тек саяси тәжірибесіне ғана емес, еңбек мәдениетіне берілген баға ретінде де қабылданды.

Президенттің интеллектуалды ортаға жақындығы оның соңғы жылдардағы бастамаларынан да анық байқалады. Мемлекет басшысы қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мәселесін бірнеше мәрте көтерді. 2024 жылғы Ұлттық құрылтай отырысында Президент кітап оқудың ұлт сапасына әсері туралы арнайы тоқталды.

– Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Мысалы, көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Бөріхан Нұрмұхамедов, Айдос Сарым, Данияр Әшімбаев бастаған құрылтай мүшелері осындай бастама көтерді. Мен олардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдаймын. Бірақ оны мазмұнды етіп өткізу қажет. Мысалы, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент бұл мәселені кейін де бірнеше рет жалғастырды. Күні кеше ғана Мемлекет басшысы «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» жарлыққа қол қойды. Құжатта кітап оқу мәдениетін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындалған. 

Жарлық мәтінінде: "Адами капиталды дамыту, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайту, білім беру, тәрбиелеу және оқу-ағарту ісінің негізгі элементі ретінде кітап оқу мәдениетін насихаттау, зерделі ұлт қалыптастыру, сондай-ақ шығармашыл, жасампаз және бәсекеге қабілетті тұлғаны дамыту үшін жағдай жасау мақсатында", деп көрсетілген.

Бұл бастама Мемлекет басшысының интеллектуалды дамуды жеке көзқарас деңгейінде ғана емес, мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты ретінде қарастыратынын аңғартады.

Тоқаевтың өзі де халықаралық қатынастар мен дипломатия тақырыбында бірнеше кітап жазған саясаткер ретінде белгілі. Оның «Преодоление», «Свет и тень», «Тәуелсіздік туы астында» секілді еңбектері халықаралық саясат пен мемлекет басқару мәселелеріне арналған.

Сарапшылардың пікірінше, қазіргі кезеңде мемлекет басқару тек саяси тәжірибемен шектелмейді. Халықаралық процестерді бақылау, ақпаратты саралау және ұзақмерзімді шешім қабылдау қабілеті ерекше маңызға ие.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбек стиліне қарағанда, оның басқару моделінде екі ерекшелік қатар көрінеді. Бірі – қатаң жұмыс тәртібі мен мемлекеттік іске жоғары жауапкершілік болса, екіншісі – интеллектуалды даму мен білімге негізделген көзқарас.

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев Тоқаевтың басқару стилі туралы пікірлерінде Президенттің ақпаратпен жұмыс істеу ерекшелігіне назар аударған.

«Президентте шенеуніктер толыққанды және жария етуге құлықты емес аспектілерді қамтитын ақпарат бар», – деді Әшімбаев.

Мемлекет басшысының саяси стиліне қатысты пікір білдіргендердің бірі – Мәжіліс депутаты Айдос Сарым. Ол Президенттің саяси болмысына баға бере отырып: «Бұл адам өте байсалды көзқарастағы, қандай да бір күрт қимылдарды ұнатпайтын саясаткер. Егер өзгерістер болса, олар біртіндеп эволюциялық жолмен жүреді», – деген.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев 1953 жылғы 17 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген.

Автор
Азамат Қойшығара

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ түлегі. Журналистика саласында 16 жылдан бері еңбек етіп келеді. Аймақтық, салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда түрлі қызметтер атқарған. 2025 жылдан бері - kznews.kz сайтының тілшісі.