Спорт журналисі Аслан Қаженов Геннадий Головкинмен кездескен сәтте боксшының өзіне «ұятсыз» деген мағынадағы сөз айтқанын мәлімдеді. Журналист бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның сөзінше, бокс сессиясы аяқталған соң Головкинмен амандасуға барған кезде, спортшы оған «бесстыжый» деген сөз айтқан.
«Бұған дейін Геннадий Головкин туралы бір негатив жазбағаным. Керісінше, құрметім ерекше болатын. Бүгін нөлге түсті», – деп жазды журналист.
Қаженов спорт журналистері үшін Қазақстан атынан халықаралық додаларға қатысатын спортшылардың жетістіктері маңызды екенін айтты. Оның пікірінше, ел спортшыларының жеңісі мен жеңілісіне алаңдайтын журналистерді құрметтеу қажет.
«Бір елдің атынан келген соң, сол елдің мүддесі үшін күйіп-пісіп, сол елдің спортшыларымен бірге қуанып, бірге мұңайып жүрген бір қазақтың баласымыз. Бізде де намыс бар. Бізде де арын бар», – деді ол.
Журналист өз ұстанымынан бас тартпайтынын айтып, Головкинді спорттағы нақты мәселелерге назар аударуға шақырды. Ол өз жазбасында Викторияның жеңісін қайтару және Ясминаның алтын медалін қайтару мәселелерін де көтерді.
«Өсек-аяңға ере бермей, нақты жұмыспен айналыс! Викторияның жеңісін қайтар! Ясминаның алтынын қайтар! Басқа да жұмыс жетеді», – деп жазды Аслан Қаженов.
Соңында журналист отандық спортшыларға қатысты сөзбен қысым жасамай, нақты мәселелермен айналысуға үндеді.