Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Ислам ынтымақтастығы спорт қауымдастығының (ISSA) Азия және Еуропа бойынша вице-президенті лауазымына ресми үміткерлер тізіміне енді, деп хабарлайды kznews.kz.
Ұлттық Олимпиадалық комитеттің мәліметінше, Головкиннің кандидатурасы ұйымның біліктілік және этикалық талаптарына сәйкестігін тексеру рәсімдерінен өткен.
Ол Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің атынан ISSA Атқарушы комитетінің 2026-2029 жылдарға арналған сайлауына үміткер ретінде тіркелді. Кандидаттардың ресми тізімі қауымдастық құрамындағы барлық ұлттық олимпиадалық комитеттерге жолданған.
Сайлау 12 қыркүйекте Сауд Арабиясының Таиф қаласында өтетін ISSA-ның 15-ші Бас ассамблеясы аясында өтеді.
ISSA – Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттердің ұлттық олимпиадалық комитеттерін біріктіретін халықаралық спорт ұйымы.
Қауымдастық ұйымдастыратын басты жарыстардың бірі – Ислам ынтымақтастығы ойындары.