Қазақстанның жалпы халықаралық резервтері 67,78 млрд долларға жетті
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Ұшқыштар да, жолаушылар да есінен танған: үш сағат көкте қалықтаған елес ұшақ

Ұшқыштар да, жолаушылар да есінен танған: үш сағат көкте қалықтаған елес ұшақ
ашық дереккөзден

Helios Airways әуе компаниясының 522-рейс апаты Грекияның азаматтық авиация тарихындағы ең ірі әрі ең қайғылы оқиғалардың бірі болып қалды, деп хабарлайды kznews.kz.

Әлемдік авиация тарихында талай апат болғанымен, 2005 жылдың тамызында Кипрдің Boeing 737 ұшағымен болған қайғылы жағдай ең қорқынышты оқиғалардың бірі саналады. Бортында 121 адам болған лайнер үш сағат бойы автопилотпен ұшып, басқарылмайтын темір табытқа айналған. Себебі сол уақытта ұшақтағы адамдардың барлығы дерлік есінен танып қалған еді.

Жердегі бір қателік апатқа алып келді

Қайғылы оқиғалар тізбегі ұшақ Ларнака әуежайынан көтерілмей тұрып басталған. Сол күні таңертең экипаж герметизация жүйесінде ақау барын хабарлаған. Техникалық мамандар тексеріс жүргізу үшін қысымды басқару жүйесін қол режиміне ауыстырған. Бұл қозғалтқышты қоспай-ақ сынақ жасауға мүмкіндік берген.

Алайда жұмыс аяқталған соң инженерлер қосқышты қайтадан автоматты режимге қоюды ұмытып кеткен.

Ұшақты қабылдаған пилоттар да ұшу алдындағы стандартты тексеріс кезінде осы аса маңызды қателікті байқамаған. Соның салдарынан Boeing 737 салонындағы қысымды автоматты түрде ұстап тұратын жүйе жұмыс істемеген күйі әуеге көтерілген.

Эфирдегі үрейлі үнсіздік

Ұшақ көтерілгеннен кейін шамамен 15 минут өткенде, биіктік алған сәтте кабинада дабыл белгісі қосылған. Бірақ дабыл дыбыстарының ұқсастығынан ұшқыштар тағы бір ауыр қателік жіберген: олар герметизацияға қатысты ескертуді ұшуға дайындық конфигурациясындағы ақау туралы белгі деп қабылдаған.

Экипаж жоқ жерден техникалық мәселе іздеп жатқанда, борттағы адамдардың қанындағы оттегі деңгейі күрт төмендей бастаған.

Көп ұзамай ұшқыштар да, жолаушылар да терең гипоксия жағдайына түсіп, есінен айырылған. Ал лайнер автопилотпен Грекия әуе кеңістігіне кіріп, диспетчерлермен байланысқа шықпай, Афина маңында айналып ұша берген. Сол сәтте ол радарлардағы нағыз «ұшақ-елеске» айналды.

Истребитель ұшқыштары көрген қорқынышты көрініс

Байланысқа шықпаған ұшақты тексеру үшін Грекия Әскери-әуе күштерінің екі F-16 жойғыш ұшағы көкке көтерілді. Олар Boeing 737-ге жақындағанда, сұмдық көрініске куә болды: салонда да, кабинада да адамдар орындарында қозғалмай отырды, ал оттегі маскалары төмен салбырап тұрған.

Бір сәтте әскери ұшқыштар кабина ішінде қозғалыс барын байқаған. Бұл стюард Андреас Продрому еді. Ол тасымалданатын оттегі баллондарын пайдаланып, өзгелерге қарағанда есін ұзағырақ сақтай алған.

Андреастың шағын авиация ұшағын басқаруға лицензиясы болған. Ол командирлерді есін жиғызуға тырысып, тіпті кабина терезесінен әскери ұшқыштарға белгі берген. Стюард ұшақты басқаруға әрекет жасағанымен, ауыр жолаушылар лайнерін ұшыруға қажетті дайындығы болмаған.

Қайғылы финал және тергеу қорытындысы

Құтқару үшін болған драмалық күрес Boeing қозғалтқыштарындағы жанармай таусылған кезде аяқталды. Жергілікті уақыт бойынша шамамен түскі мезгілде ұшақ Грамматико ауылы маңындағы тауға соғылды. Апат орнына жеткен құтқарушылар тірі қалған адамды таппады.

Ресми тергеу бұл қайғылы оқиғаның басты себебі адам факторы екенін растады. Герметизация жүйесінің дұрыс бапталмауы, чек-парақтарды тексеру кезіндегі салғырттық және дабыл белгілерін қате түсіну жүзден астам адамның өмірін қиды.

Бұл апат әлемдегі авиация саласына үлкен сабақ болды. Қайғылы оқиғадан кейін көптеген елдің авиациялық билігі экипаж бен техникалық қызметкерлер арасындағы өзара әрекет тәртібін, сондай-ақ ұшу алдындағы тексеріс хаттамаларын қайта қарауға мәжбүр болды.

Автор
Қайсар Қанат

Журналист. Блогер. Фрилансер