"Нұр-Мұқасан" тобының жаңа вокалшысы Ғалымжан Сүлеймен өзіне қол жұмсаған әріптесі Мұқасан Шахзадаевты кешірмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұған дейін Ғалымжанның мұрнына алғашқы операция жасалып, ісік қайтқан соң тағы бір ота жоспарланып отырғаны айтылған. Әншінің жағдайын білу үшін оның адвокаты Инга Иманбай мен блогер Жан Ахмадиев ауруханаға барып қайтты. Ғалымжанның сөзінше, жанжалдан кейін Мұқасан тарапынан бірде-бір рет тікелей хабар болмаған.
"Өкінішке қарай, Мұқасан өз атынан бір рет те хабарласпады. Тек оның атынан кешірім сұрауға келгендер көп болды. Бірақ өзі үн қатпады. Мұны тәкаппарлық деп есептеймін. Енді қазір кешірім сұраса да, кешірмеймін. Алғашқы үш күн күттім, кейін де күттім. Бірақ ол қоңырау шалмады", – деді Ғалымжан.
Адвокат Инга Иманбайдың айтуынша, іс ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы бойынша қаралып жатыр.
"Адам денсаулығына қасақана орта дәрежеде зиян келтіру – 3 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкелуі мүмкін. Бұл – Қылмыстық кодекстің 107-бабы. Оқиға алдын ала сөз байласып, шақырып алып соққыға жығумен жасалғандықтан, әлімжеттік ретінде бағаланады. Екі тарап та өнер саласында жүрген адамдар. Ғалымжан – жасы кіші, ал Мұқасан – үлкен әріптес. Біз қоғамда әлімжеттік туралы жиі айтамыз, бірақ елге үлгі болуы тиіс өнер өкілдерінің өздері мұндай әрекетке барып отыр", – деді адвокат.