Қоғам

Үржарда аулада ойнап отырған төрт бала мерт болды: алғашқы сот отырысы өтті

Үржарда аулада ойнап отырған төрт бала мерт болды: алғашқы сот отырысы өтті

Абай облысында төрт баланың өліміне себеп болған жол апаты бойынша сот басталды. Көлік тізгінінде болған 55 жастағы ер адам өз әрекетін талмасы ұстап қалғанымен түсіндірді, деп хабарлайды kznews.kz.

КТК мәліметінше, күдікті сол сәтте алты баланы қағып кеткенін мүлде сезбегенін, есін полиция бөлімшесінде ғана жиғанын айтты. Марқұмдардың ата-анасы денсаулығы сыр берген жүргізушіге куәлік бергендер де жауапқа тартылуы тиіс деп отыр.

Қайғылы оқиға 19 тамызда Бестерек ауылында тіркелген. «Тойота» мінген азамат аулада ойнап жүрген алты баланы соғып өткен. Екі бүлдіршін оқиға орнында көз жұмған, тағы бірі жедел жәрдем көлігінде қайтыс болса, 9 жастағы қыз Семейдегі ауруханада жан тапсырды. Қаза тапқандар - ауылға қыдырып келген екі отбасының балалары. Енді жақындары әділ үкім талап етуде.

- Бір емес, мұнда алты баланың өміріне қауіп төндірді. Бұл кісі алты баланы қалай көрмеген?! Өзінің ауруы бола тұра, қалай рульге отырады? Бұндай жағдайға - қатаң жаза!

Жәрбірленуші тарап бейкүнә періштелердің жоқ екеніне әлі сенбейді. Әсіресе үш қызынан бір мезетте айырлған ана делсал күйде. Бауыр еті баласынан айырылған әке де талмасы бар адамға жүргізуші куәлігін кімнің, қалай бергеніне аң-таң.

Күдіктінің автобус жүргізушісі болып 20 жыл еңбек еткені белгілі. Таныстары оның талмасы бар екенін жасырмайды, бірақ бұл жағдай оған көлік жүргізуге тыйым салуға негіз болмағанын айтады. Жақындары алғашқы рет аяқ-қолының өзіне бағынбай қалғанын жеткізді. Ал күдікті сол күні есін білмей қалғанын, тіпті балаларды басып өткенін сезбегенін мәлімдеді. Ол Бестерек ауылынан аудан орталығына кетіп бара жатқан.

- 2013 жылы эпилепция дертімен ауырғаны белгілі болса да, 2020 жылы көлік жүргізуші куәлігін алғанда тиісті мекемелер, яғни медициналық мекемелер анықтама берген, денсаулығында еш ақау жоқ деп.Соған байланысты бұл кісі көлік жүргізуді әрі қарай жалғастырған. Нәтижесінде, мінекей, төрт баланың өмірін қиды. Енді күтетініміз - әділ сот, – дейді жәбірленуші Ернар Бұланбаев.

Егер кінәсі дәлелденсе, ер адам 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

- Үржар ауданында болған көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс қаралуда. Жәбірленушілер материал және моральдық залалды өндіріп алу туралы азамат талабын қойды. Ал оған сот үкім шығарған кезде рұқсат етіледі. Сотталушы айыбын толық мойындап отыр, – дейді Абай облысы прокурорының көмекшісі Әділжан Шарапиев.

Жантүршігерлік апат салдарынан қаза тапқан төрт баланың үшеуі қыз, біреуі ұл. Жастары 2 мен 9 жас аралығында. Ал ауыр жарақат алған екі баланың жағдайы жақсарып келеді, дегенмен бір ұл әлі де сауықтыру орталығында ем қабылдап жатыр.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz