KZNEWS.KZ
Шоу-бизнес

“Ұмыту үшін Дубайға кеттім”: Олжас Абай Дариға Бадықоваға қалай сөз салды?

• Айжан Сыланова
Фото: әлеуметтік желіден

Актриса Дариға Бадықова актер Олжас Абаймен махаббат хикаясының қалай басталғанын және сүйіктісінің оған тұрмысқа шығуды қалай ұсынғанын баяндады. Өнер иесі жеке өміріне қатысты естеліктерімен бөлісті, деп хабарлайды kznews.kz.

«Біз бір-бірімізге бір көргеннен ғашық болған жоқпыз. Жай ғана бірге жұмыс істеп, түсірілімдерге қатыстық. Күн сайын ұрысатынбыз. Ол өз дегенінен қайтпайтын, мен де қайтпайтынмын», – деді Дариға Бадықова.

Уақыт өте келе олардың қарым-қатынасы жақындай түскенімен, бірге болу оңайға соқпаған. Актриса бірнеше мәрте екі жаққа кетуге әрекеттенгендерін де жасырмады. Дегенмен әр жанжалдан кейін Олжас Абай сүйіктісімен қайта татуласуға тырысып, оған гүл мен әшекей бұйымдар сыйлап отырған.

Дариға Бадықованың айтуынша, бірде екеуі қарым-қатынасты түбегейлі тоқтатуға бел буған. Бұған некеге тұрудың жауапкершілігі мен болашаққа қатысты қорқыныштары себеп болған.

Осы кезеңде ғашықтар екі қалада жүріп, бір-бірінен алыстаған. Дариға сүйіктісін ұмытып, жаңа өмір бастауға үміттеніп, Балиден Дубайға аттанған. Алайда сапары кезінде күтпеген хабарлама алған.

Дубайдан қайтуға дайындалып жүргенде Олжас Абай алдымен актрисаның жағдайын сұрап, қашан оралатынын білген. Дариға оның алғашқы хабарламасына жауап бермеген. Бірақ арада екі сағат өткенде актер қайтадан жазып, сағынышын жеткізген.

«Сені қатты сағындым», – деп жазған Олжас Абай.

Актриса дәл осындай сөзді сүйіктісінен күтетінін мойындады. Сондықтан көп ойланбастан, кері қайтуға шешім қабылдаған.

«Мен билет сатып алып, кері ұшып келдім. Келген күні ол маған осы сырғаларды сыйлап, “Үйленейік” деді», – деп еске алды Дариға Бадықова.

Осылайша, бір кездері айырылысуға бел буған жұптың қарым-қатынасы қайта жалғасып, Олжас Абай сүйіктісіне үйленуге ұсыныс жасаған.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →