KZNews.kz
Аймақ

Ұлытау – рухани туризмнің жаңа орталығына айналуда

Торғын Абушахман
фото: qazaqgeography.kz

Жыл басынан бері Ұлытау облысында туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 46 пайызға өсіп, 3 млрд теңгеге жетті. Қонақ үйлер көрсеткен қызмет көлемі 23 пайызға артып, 22 мыңнан астам адамға қызмет көрсетілді. Оның ішінде 1 035 шетелдік турист бар. Жезқазған қаласы бойынша туристер саны 14 мыңнан асты, деп хабарлайды kznews.kz.

Өңірде қонақ үй инфрақұрылымы да кеңейіп келеді. Қазіргі таңда қонақ үй бөлмелерінің саны 322 бірлікке жетіп, бір реттік төсек-орын сыйымдылығы 573 орынды құрады. Ұлытау облысынан Астана, Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларына тұрақты әуе қатынасы бар. Аптасына 46 рейс орындалады.

Биыл алғаш рет облыстық бюджеттен туризмді дамытуға 100 млн теңге бөлінді. Бұл қаражат аясында танымдық турлар ұйымдастырылып, «Ұлы Дала Самалы мен Дәмі» республикалық гастрономиялық фестивалі және халықаралық деңгейдегі «Дала энергиясы» джип-туры өткізілді.

Туристік инфрақұрылымды дамыту мақсатында Сәтбаев қаласынан Жошы хан кесенесіне дейінгі автожолдың құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, Ұлытау ауданындағы Тасбұлақ аумағы жеке инвестициялар есебінен абаттандырылды.

Қазақстанның дәл жүрегінде орналасқан Ұлытау – ұлт тарихының алтын тамыры, ел руханиятының бастауы. Мыңжылдық шежірені сақтаған бұл өлке бүгінде тарихи-мәдени және экотуризмнің басты бағыттарының біріне айналып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Ұлытау өңірін туризм орталығына айналдыру – елдің рухани жаңғыруының және аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды бағыты.

Ұлытау – қазақ халқының тарихи жадымен, елдіктің символымен біте қайнасқан қасиетті мекен. Бұл жерде түркі дәуірінен бастап Қазақ хандығына дейінгі тарихи кезеңдердің ізі жатыр. Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл, Едіге, Тоқтамыс сынды тарихи тұлғаларға қатысты нысандар тек Ұлытаудың ғана емес, күллі түркі дүниесінің ортақ қазынасы саналады.

Археологтардың зерттеуінше, өңірде 700-ге жуық тарихи-мәдени ескерткіш бар. Оның ішінде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген нысандар да кездеседі. 2023 жылы Жошы хан кесенесінің жанында ашылған Визит-орталық туристерді қабылдап, экскурсиялық бағыттар мен ақпараттық қызметтерді ұсынады. Мұнда өңірдің тарихи картасы, мультимедиялық гид және заманауи музей қарастырылған.

Тарихпен қатар Ұлытаудың табиғаты да ерекше. Ұлытау сілемдері Сарыарқаның ең биік әрі көрікті аймақтарының бірі саналады. Жезді, Терісаққан, Кішітау мен Үлкентау баурайы, «Терісаққан шатқалы» мен «Әулие тау» табиғи аймақтары, сондай-ақ «Жайқоңыр» және «Қаракеңгір» өзендері бойындағы демалыс орындары экологиялық және этнотуристік бағыттарды дамытуға қолайлы.

Ұлытауға келген туристер киіз үйде түнеп, ұлттық тағамдардан дәм татып, атпен серуендеу, аңшылық пен тау жорықтарына қатысу мүмкіндігіне ие. Бұл этнографиялық туризмнің жанданып келе жатқанын көрсетеді.

Соңғы жылдары облыста туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Автомобиль жолдары жөнделіп, Жезқазған әуежайы қайта жаңғыртылуда. «Жезқазған – Ұлытау – Арқалық» бағытындағы жолдың жақсаруы туристер легінің артуына ықпал етпек.

Ұлытау ауылында қонақ үй кешендері, этноауылдар мен туристік лагерьлер салу жобалары іске асырылуда. Сонымен қатар өңірдің туристік бағыттарын цифрландыру, 3D турлар мен мобильді қосымшалар әзірлеу жұмыстары басталды.

Облыс құрылғаннан кейін Ұлытаудың туризм саласына деген назар айтарлықтай артты. Облыс әкімдігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігі бірлесіп, «Ұлытау – Ұлт ұясы» атты республикалық экспедиция мен этнофестивальді дәстүрлі түрде ұйымдастырып келеді. Бұл бастамалар елдің түкпір-түкпірінен келген жастар мен шетелдік меймандарға Ұлытаудың тарихы мен мәдениетін терең таныстыруға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қолдау, жеке инвестициялар мен жергілікті халықтың белсенділігі арқасында Ұлытау өңірі ТМД елдерінен, Түркия мен Орталық Азиядан келетін туристер үшін тартымды бағытқа айналуда. Алдағы жылдары бұл аймаққа жыл сайын мыңдаған турист келеді деп күтіледі.

Торғын Абушахман
Автордың басқа материалдары