ка

Ұлытау облысында «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 700-дей жас жұмыспен қамтылады

09.04.2025 15:43
0
17
Ұлытау облысының барлық өңірінде «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асырылып жатыр. Жобаның жұмысы арнайы бекітілген техникалық ерекшеліктерге сәйкес ұйымдастырылады.  Бүгінде облыстың барлық өңірінде өнім берушілермен келісімшарттар жасалып, жоспарға сай жұмыстар басталды. «Жасыл ел — 2025» еңбек маусымына Ұлытау облысы бойынша 14 пен 35 жас аралығындағы 700-дей жас тартылмақ. Оның ішінде: • Жезқазған қаласынан — 150 жас, • Сәтбаев қаласынан — 150 жас, • Қаражал қаласынан — 165 жас, • Ұлытау ауданынан — 150 жас, • Жаңаарқа ауданынан — 70 жас қатысады деп жоспарланып отыр. Фото: Ұлытау облысының әкімдігі Бағдарлама аясында әлеуметтік жағынан осал топтағы жастарға басымдық беріледі. 700 дана біріңғай фирмалық киім (спорттық күрте, шалбар, футболка, бейсболка және рюкзак) тігуге Ұлытау облысының қоғамдық даму басқармасы тарапынан арнайы қаржы бөлінді. Бағдарламаға қатысушы жастар қала мен аудандарда көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына атсалысады. Сонымен қатар түрлі тақырыптық іс-шаралар мен экологиялық акцияларға белсенді қатысады. Жасақ құрамындағы жұмысшылардың жалақысы шамамен 85 000 — 95 000 теңге көлемінде белгіленген. Жұмыс күні жастарына қарай мынадай тәртіпте жүргізіледі: • 14-16 жас аралығы — 4 сағат, • 16-18 жас аралығы — 6 сағат, • 18 жастан жоғары — 8 сағат. Үзіліс уақыты — сағат 13:00–тен 14:30-ға дейін, ал сенбі мен жексенбі — демалыс күндері болып бекітілген. 2025 жылғы еңбек маусымына қатысу үшін сәуір айында қалалық немесе аудандық Жастар ресурстық орталықтарына жүгіну қажет. «Жасыл ел» бағдарламасы — жастардың еңбекке араласуына, табиғатты қорғауға және туған өлкесін көркейтуге бағытталған маңызды бастама.  
Пікірлер
(0)
Бұл жерде әлі ештеңе жоқ
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий