KZNews.kz
Саясат

Үкіметтегі күтпеген жағдай: Бектенов телефон қоңырауынан кейін залдан шығып кетті

Ayzhan Sylanova
Фото: видеодан скриншот

Жиынның басында Бектенов жаңа министрге сөз беріп, рәсімнің ресми түрде басталуына рұқсат етті. Алайда Сүлейменова Қазақстан халқына және Президентке адал болуға ант беріп тұрған сәтте премьер-министрдің телефоны шырылдап, ол асығыс түрде орнынан тұрып, залдан шыққан.

Бірнеше секундқа үкімет мүшелері аңтарылып қалды. Министрлердің жүзінен абыржу байқалды, ал кадрда премьердің орындығы бос қалған күйі бірнеше минут бойы көрсетілді.

Отырыстың тізгінін бірінші вице-премьер Роман Скляр қолына алып, жиынды жалғастырды. Кейін ол сөзді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға берді.

Қоңыраудың кімнен түскені ресми түрде хабарланған жоқ. Алайда сарапшылар мен бақылаушылар мұндай сәтте премьер-министрге тек ең жоғары деңгейден — Президент әкімшілігінен немесе Мемлекет басшысының өзінен қоңырау шалу мүмкін екенін айтады.

Біраз уақыттан кейін Олжас Бектенов залға қайта оралғанымен, күтпеген оқиға әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Көпшілік «Мұндай сәтте премьерді орнынан тұрғызған қандай маңызды қоңырау болды?» деген сұрақ қойып, түрлі болжамдар жасады.

Бұл жайт үкіметтің ресми отырыстарындағы этикет пен тәртіп тақырыбын да қайта қозғады. Көпшілік мұндай жағдайдың бейнежазба арқылы таралып, қоғам назарын аударғанына назар аударды.

Ayzhan Sylanova
Автордың басқа материалдары