Димаш Құдайбергеннің қарындасы Раушан Құдайберген мен оның жұбайы Ермахан Аймахан отбасылық өмірлері туралы айтып берді, деп kznews.kz тілшісі Malim.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ерлі-зайыпты "1001 түн" бағдарламасына қатысып, қалай танысқандарын және шаңырақ көтергеннен кейін өмірлерінде қандай өзгерістер болғанын бөлісті.
Раушан Құдайбергеннің айтуынша, тұрмыс құрғаннан кейін олардың өмірге, отбасыға және бір-біріне деген көзқарасы өзгерген.
"Адам уақыт өте келе түрлі жағдайлардан кейін өзгереді. Үйленгеннен кейін бұл қатты байқалды. Әртүрлі сәттерде бір-бірімізді түсіну деңгейіміз артты. Көзқарасымыз өзгерді. Мұның бәрі адамның болмысы мен дүниетанымының өзгеруіне байланысты", – деді Раушан.
Ал актер Ермахан Аймахан Раушанмен 2021 жылы танысқанын айтты. Оның сөзінше, ол болашақ жарын алғаш рет театр ұжымымен бірге қала сыртындағы демалыс кезінде көрген.
"2018 жылы Алматыға оқуға түстім. 2020 жылы Асхат Маемировтың шақыруымен Астанаға келдім. Сол жерде Музыкалық жас көрермен театрын құрдық. Бірінші маусымды аяқтағаннан кейін ұжыммен бірге қала сыртында демалдық. Тимбилдинг кезінде Раушанды алғаш көрдім. Раушанның ата-анасы мен Асхат Маемиров 30 жылдан бері дос. Біз бір-бірімізді сол жерде алғаш көрдік", – деді Ермахан Аймахан.
Айта кетейік, Раушан Құдайберген мен Ермахан Аймаханның үйлену тойы 2025 жылдың 8 тамызында Шымкент қаласында өткен.