Белгілі әнші Гүлнұр Оразымбетова жастық шағын еске алып, өнер жолына қалай келгенін айтып берді. Ол тоғызыншы сыныпты аяқтағаннан кейін оқуға түсу үшін туған үйінен жалғыз кеткенін және өміріндегі маңызды шешімнің қалай қабылданғанын баяндады.
Өнер иесі бұл туралы Instagram әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жазған. Гүлнұр Оразымбетованың айтуынша, ол мектептің тоғызыншы сыныбын аяқтағаннан кейін білім алу және өнерін дамыту мақсатында үйінен кетуге шешім қабылдаған.
Сол кезде болашақта қандай қиындықтар күтіп тұрғанын білмегенімен, өз таланты мен біліміне сенген. Әнші алғашқы үлкен сапарына небәрі бірнеше киімін салып шыққанын еске алды.
"Мен алғаш рет 9-сыныптан кейін оқуға түсем деп үйден кеттім... Жалғыз өзім… Алдымда не күтіп тұрғаны беймәлім… Бар сенгенім – білімім.. өнерім… Төсектің астындағы дәу қара чемоданға екі-үш киімімді салып, кеттім де қалдым", – деп жазды Гүлнұр Оразымбетова.
Оның сөзінше, барған жерінде әкесінің қарындасы Шамшырақ апасы күтіп алған. Кейін болашақ әнші қалаған оқу орнына құжат тапсырған. Алайда емтихан нәтижесінде оқуға қабылдану үшін бір балл жетпей қалған. Бұл жағдай жас қыздың жоспарына кедергі келтіргенімен, ол ауылға қайтқысы келмеген.
"Директордың алдында домбырамен ән айттым"
Гүлнұр Оразымбетова оқуға түсу мүмкіндігінен айырылғанын білгеннен кейін де үмітін үзбеген. Ол колледж директоры Әлима есімді ұстазды күтіп, өнерін көрсетуді ұйғарған. Әншінің айтуынша, оқу орнының басшысы дәлізбен келе жатқан сәтте қолына домбырасын алып, бар өнерін салған.
"1 балл жетпеді… Ауылға қайтқым жоқ… Не болса да, колледж директоры Әлима апайды коридорда күтіп, келе жатқанда домбырамен ән айттым… Барымды салып..." – деді өнер иесі.
Жас қыздың орындаушылық шеберлігі директордың назарын аударған. Оқу орнының басшысы оны кабинетіне шақырып, нәтижесінде Гүлнұр Оразымбетова колледжге қабылданған. Әнші бұл сәтті өміріндегі ең маңызды оқиғалардың бірі ретінде еске алды.
"Бір адамның арқасында елге танылдым"
Гүлнұр Оразымбетованың айтуынша, колледжге қабылданғаннан кейін оның өнер жолындағы мүмкіндіктері кеңейе түскен. Ол оқу барысында өзін жан-жақты көрсетіп, белсенді студенттердің қатарына қосылған. Сонымен қатар түрлі шығармашылық іс-шараларға қатысып, сахнада ән айтуға мүмкіндік алған.
"Кабинетіне шақырды... Оқуға қабылдандым... Колледждің үздік те өнерлі студенті болдым. Ән айтатын барлық есіктер ашылды. Ән айтатын өнерімнің арқасында елге танылдым. Сондағы бір ғана адамның себепкер болғанының арқасында", – деп жазды әнші.
Өнер иесі өзінің талантын байқап, оқуға мүмкіндік берген ұстаздың өміріндегі орнын ерекше атап өтті. Оның сөзінше, сол кездегі бір шешім шығармашылық болашағына үлкен ықпал еткен.
Еске сала кетейік, бұған дейін Гүлнұр Оразымбетованың күйеуі, ғалым Серікбай Өрікбайұлының 70 жас мерейтойы өткенін жазған едік.