Әлеуметтің әл-қуаты: биыл халық табысы қаншалықты артты?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Тың тренд: әлеуметтік желідегі танымалдық саяси капиталға айналды ма?

Тың тренд: әлеуметтік желідегі танымалдық саяси капиталға айналды ма?
Фото: ашық дереккөздерден

Еліміздегі саяси партиялардың құрамына танымал өнер адамдары мен медиа тұлғаларды тарту трендке айналды деуге болады. Әсіресе, саяси партиялардың едел-жедел өтіп жатқан сиездеріне болып жатқан оқиғалар қоғам назарын аударып отыр.

Рас, бұған дейінгі саяси фракциялар мен депутаттық корпуста түрлі саланың өкілдері болғанымен, бұл жолы әлеуметтік желідегі аудиториясы үлкен әншілер мен креативті индустрия өкілдерін тарту айқын байқалады.

Мысалы, Қазақстан Халық партиясы алдағы Құрылтай сайлауына ұсынған кандидаттар қатарында танымал әншілер Аша Матай мен Тамара Асардың болуы көпшіліктің назарын аударды. Бұл жердегі қос әншінің партияға өтуі мен депутаттыққа кандидат болуы саяси ұйымның қоғаммен байланысуына және мейлінше үлкен аудиторияны қамтуға деген ұмтылысы болса керек. Әсіресе, әлеуметтік желідегі ақпарат үстемдігі мен насихат жолындағы күрес құралы ретінде танымал тұлғаларды пайдалану тәжірибесі осылай іске асты деуге болады. Өйткені, Аша Матайдың Instagram желісіндегі оқырманы 4 миллионнан асса, Тамара Асардың әлеуметтік желідегі аудиториясы да бірнеше миллион адамды қамтиды екен. Яғни, бұл кез келген саяси ұйым үшін үлкен ақпараттық ресурс екені белгілі.

Дәл осындай танымал өнер өкіліне иек арту Respublica партиясына да тән болыпотыр. Жақында партия қатарына «Ирина Кайратовна» тобының мүшесі Азамат Маркленов қосылды. Ол тек орындаушы емес, продюсерлік және медиа жобалармен айналысқан тұлға ретінде танымал. Ал Азаматтың партияның Құрылтай сайлауына ұсынылған кандидаттар тізіміне енуі ұйымның жастар, цифрлық орта және креативті индустрия өкілдеріне бағытталған саяси стратегиясын аңғартады.Яғни Respublica креативті индустрия өкілдерін өз ыңғайына қарай пайдалуды көздейді екен.

Өнер өкілдерін саясатқа тартқан партиялардың қатарында «Ауыл» да бар. Бұл партия құрамына белгілі әнші Мөлдір Әуелбекова қабылданды.

Жалпы, саясат аренасында мұндай қадамдар партиялардың жаңа электоратқа шығу амалы ретінде қарастырылады екен. Демек, әлеуметтік желідегі танымалдық та саяси капиталдың бір түріне айналып отыр.

Алайда, қоғамдық пікір ауанында "Адамдардың танымалдығы мен олардың мемлекеттік басқару саласындағы дайындығы екі бөлек мәселе" ұстаным жиі айтыла бастады. Себебі, жұрт депутаттық қызмет тек қоғамға танымал болуды емес, заң шығару, сараптау және мемлекеттік шешімдерге жауап беру қабілетін талап етеді деген пайымға сенеді.

Жалпы, саяси күштердің қоғамның барлық санытымен байланыс орнатуға деген ұмтылысы құптарлық. Олар коммуникацияның жаңа тәсілдерін іздеуде. Мәселен, бір партия ауыл мен дәстүрлі құндылықтарға сүйенсе, енді бірі жастар мен әлеуметтік желі аудиториясына назар аударып отыр дегендей...

Бірақ, партиялардың саяси бәсекене шоу-бизнес өкілдерін тартуы қоғамда екі түрлі пікір қалыптастырғанын жасырмауымыз керек. Бір тарап мұны заманауи саясаттың талабы деп бағалайды. Өйткені, қазіргі таңда миллиондаған аудиториясы бар тұлғалар қоғаммен тікелей байланыс орната алады.

Екінші тарап мұндай қадамдарды сайлау алдындағы пиар-технология ретінде қабылдайды. Себебі, танымал адамның беделі партияның ақпараттық танымалдығын арттыруы мүмкін.

Қалай болғанда да, алдағы Құрылтай сайлауына дайындық партиялардың тек қандай тұлғаларды таңдағанын емес, қоғамның саяси талаптарының қалай өзгеріп жатқанын да көрсететін кезең болмақ.

Айтпақшы, саяси билік бұл трендтен іш жиып қалған сияқты. Мұны күні кеше Астанадағы басқосуда айтылған сарапшылардың пікірінен байқауға болады. Мысалы, "Қазақстандық қоғамдық даму институты" деген атауға ие орталықтың басқарма төрағасы Жұлдызай Ысқақова "Қоғам Құрылтайда блогерлер мен шоу-бизнес өкілдерін көргісі келмейді" деген мәлімдемесі осы мәселені қайта көтерді.

Яғни, сарапшылардың бұл пікірін тек жеке көзқарас емес, саяси жүйедегі жаңа талаптардың белгісі ретінде бағалауға болатын сияқты.Өйткені, аталған саяси институт мемлекеттік саясат пен қоғамдық үдерістерді зерттейтін мекеме. Сондықтан оның басшылығы айтқан пікір қоғамда биліктің де белгілі бір ұстанымын білдіруі мүмкін.

Автор
Гүлжан Амангелдіқызы

журналист-жазушы. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің түлегі. «Арай +» телеарнасында, «Қазақстан - Атырау» телеарнасында редактор, «Жетісу Университеті», «Нұрлы өлке» газеттерінде тілші және Baq.kz, Inbusiness.kz, El.kz ақпараттық порталдарында фрилансер болған.