АҚШ президенті Дональд Трамп сенбі, 3 қаңтар күні ресейлік әріптесі Владимир Путинге және Украинадағы соғыстың жалғасып жатқанына байланысты көңілі толмайтынын айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
- Мен Путинге риза емеспін. Ол тым көп адамды өлтіріп жатыр, — деді Трамп Флорида штатында өткен баспасөз мәслихатында.
Іс-шараға АҚШ әкімшілігінің жоғары лауазымды өкілдері, соның ішінде қорғаныс министрі Пит Хегсет пен мемлекеттік хатшы Марко Рубио қатысты.
Бұл мәлімдеме АҚШ Венесуэлаға «ауқымды соққы» жасағаннан кейін айтылды. Салдарынан ел президенті Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флорес «ұсталып, елден әкетілгені» хабарланған.
Журналистер Трамптан соңғы телефон арқылы сөйлесу барысында Путинмен Мадуро мәселесін талқылаған-талқыламағанын сұрағанда, ол: жоқ, деп жауап берді.
- Біз Мадуро туралы ешқашан сөйлескен жоқпыз, — деп нақтылады ол.
Сонымен қатар Трамп Украинадағы соғысты реттеу бағытында «ілгерілеу бар» екенін айтты. Ол бұл қақтығыс шамамен төрт жылға жуық уақыттан бері жалғасып келе жатқанын еске салды. Сондай-ақ Трамп өзіне тән пікірін тағы да қайталап, бұл соғыс «ешқашан болмауы керек еді. Егер мен президент болғанда, мұндай жағдай мүлде орын алмас еді» деп мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Венесуэла билігі Мадуроның ұсталуына қатысты мәлімдеме жасаған болатын.