KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

Түркістан облысында жігітті өлтіріп, мәйітін өртеген оқушы қыз сотталды

• Айжан Сыланова
Фото: Tengrinews.kz / Никита Данилин

Түркістан облысының Леңгір қаласында 20 жастағы жігітті пышақтап өлтіріп, мәйітін өртеген 15 жастағы қызға сот үкімі шықты. Тергеу мәліметінше, жасөспірім өзімен қарым-қатынасты үзгісі келген жігітті өлтіруге барған, деп хабарлайды kznews.kz.

Сот материалдарына сәйкес, жасөспірім жігітпен арадағы қарым-қатынасты тоқтатуға тырысқанымен, ол келіспеген. Сондықтан қыз Шымкентте тұратын жігітті алдап, Леңгірге шақырған. Кейін алдын ала сатып алған пышақпен оның кеуде тұсына алты рет соққы жасаған. Жүрегі мен өкпесі зақымданған жәбірленуші сол жерде көз жұмған.

Қылмысын жасыру үшін қыз құрылыс дүкенінен жанғыш сұйықтық сатып алып, мәйітті өртеген. Сараптама марқұм денесінің шамамен 30 пайызы күйгенін анықтаған. Кейін жасөспірім сыра ішіп, болған жағдайды анасы мен достарына айтып берген.

Сотта қорғаушылар қыздың өзін қорғау үшін әрекет еткенін алға тартқан. Алайда сараптама оның денесінен зорлық белгілерін таппаған. Сот марқұм тарапынан күш қолдану әрекеті болмаған деген қорытындыға келген.

Судьяның айтуынша, марқұмның ата-анасы сотталушының жақындарынан кешірім сұраған соң оларды кешірген. Ал жасөспірім жасаған ісіне өкініш білдірмеген.

Сот шешімімен 15 жастағы қыз 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім жарияланғаннан кейін марқұмның анасы сот залынан көз жасына ерік беріп шыққан. Екі тарап та журналистерге пікір білдірмеді.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →