Әлеуметтік желілерде Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық патологиялық-анатомиялық бюросы» ШЖҚ МКК қызметкері мәйітті туыстарына беру үшін ақша талап еткені туралы бейнежазба тарады.
Бейнежазбада ағасы қайтыс болған інісінің мәйітін Отырар ауданының Шәуілдір елдімекеніне алып кете алмай отырғанын және мекеме қызметкері 35 мың теңге сұрағанын айтып, шағымын білдірген.
Аталған жағдай бойынша Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасы ресми түсінік берді.
– 2025 жылғы 27 қазан күні сағат 23:50 шамасында Отырар ауданының тұрғыны Шымкент қалалық онкология диспансерінен облыстық патологоанатомиялық бюроға (ОПАБ) науқас мәйітін жеткізген. Туыстары түнгі кезекші қызметкерге (тазалықшыға) жүгінген. Қызметкер оларға патологоанатом дәрігерлердің түнгі уақытта кезекшілік етпейтінін, ал мәйітті қабылдау мен рәсімдеу жұмыстары таңертең жүргізілетінін түсіндіріп, таңғы уақытта келуді сұраған.
2025 жылғы 28 қазан күні сағат 08:00 шамасында туыстары қайта келіп, мәйітті жуып-тазалау, дәрілеп беру, ауыз қуысындағы қанды тоқтату сияқты қызмет түрлерін сұраған. Қызметкер бұл қызметтің ақылы түрде көрсетілетінін түсіндірген, туыстары келісім берген. Ешқандай ақша талап ету немесе мәжбүрлеу жағдайы болмаған, – делінген басқарма таратқан ресми ақпаратта.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, мәйітті толықтай жуып, дәрілеп беру мекеме қызметкерлерінің тікелей міндетіне кірмейді. Дегенмен туыстардың өтініші мен ерекше жағдайларды (алыстан келу, жерлеу рәсімінің кешігуі және т.б.) ескере отырып, мұндай қызметтер ақылы негізде көрсетіледі.
– Мәйітті түнгі уақытта бермеу мәселесіне байланысты туыстар наразылық білдірген. Алайда таңертең мәйіт толықтай жуылып, дәріленіп, туыстарына берілді. Олар көрсетілген қызмет үшін алғысын білдіріп, мәйітті қабылдап алған. 2025 жылғы 28 қазан күні сағат 08:30-да дәрігерлер келіп, қайтыс болғаны туралы медициналық анықтаманы рәсімдеп, туыстарына тапсырған, – деп мәлімдеді басқарма өкілдері.
Сонымен қатар, Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдайға байланысты ішкі тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
– Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қызметтік тексеру жүріп жатыр. Тексеру нәтижесіне сәйкес тиісті шаралар қабылданады, – делінген ресми хабарламада.