АҚШ-тан келген Коннор есімді тревел-блогер Қазақстанның Туризм және спорт министрлігіне қатысты шағымын әлеуметтік желіде жариялады. Оның айтуынша, өзін ресми шақырғанымен, елге келген кезде ешкім қарсы алмаған, деп хабарлайды kznews.kz.
Блогер бірнеше ай бойы сапар жоспары келісілгенін, алайда Қазақстанға кіргенде бұл дайындық ескерусіз қалғанын айтты. Ол бұған дейін Қырғызстанда болғанын, онда өзін ұлттық дәстүрмен ерекше қарсы алғанын да атап өтті.
Коннордың сөзінше, Қазақстанда керісінше, шекарада оны күтіп алу орнына қосымша сұрақтар қойылып, жағдай түсіндірілмеген. Бұл оның көңіліне қаяу түсірген.
Соған қарамастан, блогер жағымсыз жағдайға қарамай, сапардан ләззат алуға тырысқанын айтып, тіпті шекарада өзі билеп, көңіл күйін көтергенін жеткізді.
Ал Туризм министрлігі бұл жағдайға қатысты блогердің ресми түрде шақырылғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының мәліметінше, блогермен тек хат алмасу болғанымен, нақты келісім жасалмаған.