«Тупорылые мамбеты из аула» деп Желтоқсан қатысушыларын қорлап пікір жазған алматылық әйел жұмысынан қуылды, деп @ztb_qaz телеграм арнасына сілтей отырып kznews.kz хабарлайды.
Алматы қаласының тұрғыны Threads әлеуметтік желісінде Желтоқсан оқиғасына қатысушылар мен жалпы Қазақстанға қатысты өрескел пікірлер жариялап, салдарынан қызметінен айырылды.
Әйел Желтоқсан тақырыбындағы жазбаның астына қалдырған пікірінде қатысушыларды «тупорылые», «мамбеттер» және «ауылдан келгендер» деп кемсіткен.

Сонымен қатар, ол басқа бір жазбасында Қазақстанға және депутат Жаңбыршинге қатысты да қорлайтын сөздер айтқан. Бұл жазбалар әлеуметтік желілерде жылдам тарап, қоғамда үлкен наразылық туғызды.
Оқиғаға байланысты қазақстандықтар жаппай мемлекеттік органдарға шағым түсіріп, әйелдің әрекетін ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы (ұлтаралық араздықты қоздыру) бойынша тексеруді талап етті.
Бұған қоса, желі қолданушылары оның жұмыс істеген компаниясына да теріс пікірлер қалдырып, ұйымның 2GIS жүйесіндегі рейтингі бір күн ішінде күрт төмендеді.
Нәтижесінде, әйел қызметінен босатылды. Ал құқық қорғау органдары бұл жағдайға қатысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.