Біріншіден, Тұңғыш Президент күнін халық бір күнгі демалыс деп асыға күтетін болды. Ал кейбір ұйым қызметкерлері, әсіресе, мемлекеттік қызметшілер мен президент атындағы мекемелердің жұмысшылары демалыстың үстіне қосымша берілетін сыйақыға қуанады. Егер бұл дата аптаның демалыс күніне дөп келсе, онда үкіметтің арнайы бұйрығымен басқа күнге ауыстырылып, халық қатарынан бірнеше күн демалады.Бұл өзгерісті бірінші түртіп отырғанымыздың себебі де бар. Өйткені Астана тұрғындарының арасында (аялдама, сауда орындары, үлкен базарларда — авт) «Тұңғыш Президент күні қалай тойланады?» деген сауалнама жүргізгенімізде, жауап берген адамдардың барлығы дерлік: «Бұл күні Қазақстан халқы түгел демалады, сондықтан халық алыстағы туған-туыстарына барып, бір күн артық демалыстың арқасында жұмыстан тыс шаруаларын тындырып, отбасымен қыдырады» деп жауап берді. Бұл мерекенің қоғамға әкелген екінші жаңалығы – жаңа атрибуттар мен жаңа туындылар. Қазір Астана мен Алматы сияқты мегаполистер ғана емес, алыс-жақын аудандар мен қалалар да осы мерекеге орай бірнеше күн бұрын атрибуттарын сайлай бастайды. Басты атрибут – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың портреттері, Елбасының нақыл сөздері жазылған үлкен билбордттар, көшедегі мерекелік құттықтаулар. Яғни қала көшелеріндегі безендіру Тәуелсіздік күнінің құттықтауларымен емес, осы Тұңғыш Президент күнімен басталатын болды. Ал осы басты атрибуттарды мерекелік концерт, Елбасына арналған шығармалардың тұсаукесерлері, патриоттық ән-жыр кештері, тарихи кинотуындылар толықтырып отыратын дәстүр қалыптасты. Бұрын президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның дамуы мен жарқын болашағына қосқан үлесі туралы кітап, деректі фильм, кино-эпопеялар Тәуелсіздік күніне немесе Астананың туған күніне орай шығарылса, қазір бұл туындылардың бағы жанатын басқа күн бар. Мемлекеттік һәм басқа да телеарналар бұл күнгі кестелерін түгелдей осы мерекенің тарихына, мән-мазмұны мен маңызына арнайды.
Үшіншіден, бұл күн жаппай жаңа мекеме ашып, жаңа атау беру мерекесіне айналды. Соңғы бірнеше жылда «Тұңғыш Президент күніне орай Семейде жаңа емхана ашылды», болмаса 1 желтоқсан күні дүниеге келген ұл балаларға Нұрсұлтан есімі берілді"» деген жаңалықтарға қоғамның бойы үйренгені анық.Елбасының атын көп кездестіруге болатын қалалар арасында әрине Астана көш бастап тұр: «Назарбаев университеті», Назарбаев атындағы мәдени орталық, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы, «Нұрсұлтан Назарбаев» атындағы халықаралық әуежай, тағысын тағы. Айта кетейік, осы уақытқа дейін Қазақстанда Назарбаев атындағы көше болмағанымен, Иорданиядағы Амман қаласында, Шешенстандағы Грозный қаласында, Түркияның бір емес, бірнеше қаласында, Татарстан астанасы – Қазан қаласында Нұрсұлтан Назарбаев атындағы көшелер бұрыннан бар.