Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, этнограф-ғалым Тәттігүл Қартаева Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында қазақтың балаға айдар, тұлым, желке шаш, кекілді неге қоятынын түсіндіріп, бұрынғы қазақ қыздары шашын қалай күткенін айтып берді.
Этнограф-ғалым қазақ халқы ер мен әйелдің шашына, оның күтіміне ерекше мән бергенін атап өтті.
sputniknews.kz
Этнограф-ғалым Тәттігүл Қартаева
"Шаштың күтімі мен оны өсіруге қатысты ұғымдар ерте кезден қалыптасты. Қазақ халқында жас ерекшеліктеріне қарамастан шашты жерге тастамаған. Мысалы, жерге түскен шашты отқа тастаған немесе ошақтағы қуыстарға тыққан. Яғни, саз кірпіштен жасалған ошақты алайық. Оның қабырғасында тесік қуыстар болса, бұрынғы кездері сонда шашты тыққан. Біз этнографиялық экспедицияларға көп шығамыз. Сонда осындай жағдайларға куә болдық", - дейді Тәттігүл Қартаева.
Қарын шаш деген не?
Сұқбат барысында профессор сәби қырқынан шыққан кезде шашы алынатынын және оны жерге тастауға болмайтынын айтты. "Баланың қырқынан шыққан кездегі алынған шашын қазақ халқы "қарын шашы" дейді. Ол "қар", қары" деген байырғы түркі сөзімен тығыз байланысты. Тіпті, қазақта "қарын шашыммен қарғаймын" деген қарғыс болған. Оны әжелер қатты ызаланғанда айтқан. Сондықтан қарын шашты жерге тасмамай, оны адамның аяғы баспайтын жерге көмген немесе сақтап қойған", - дейді этнограф-ғалым. Оның айтуынша, қырқынан шыққан сәбидің шашын кез келген адам алмаған."Қазақтар сәбидің қарын шашын алуға ерекше мән беріпті. Баланың шашын үбірлі-шүбірлі болған, отбасында беделі бар, жасы үлкен кісі алған", - дейді ол.
Тәттігүл Қартаеваның пікірінше, "шашты жерге тастаса, бас ауырады", "адамның бір жаны шашында" деген сөздер шашты жерге тастауға болмайды деген ұғымнан туындаған.Айдар, тұлым және желке шаш
Сонымен қатар этнограф-ғалым балаға айдар, тұлым, желке шаш не үшін қойылатынын түсіндірді. "Қазақ халқы кішкентай баланы тіл-көзден сақтау үшін оған айдар, тұлым, желке шаш қойған. Айдар, тұлымды қыз балаға да қойған. Ұл баланың айдары төбесінен қойылған немесе желке тұсынан бір ғана шаш қалдырған. Оны "желке шаш" дейді. Кейін бұл шашты өсіріп, өрген. Айдар, тұлымды, желке шашты бала сүндеттелгенге дейін немесе алғашқы мүшел жасқа (13 жас) дейін алмаған", - дейді Қартаева. Айтуынша, айдар, тұлым мен желке шашты кез келген балаға қоймаған екен.
Тұлым шаш
"Егер баласы көп шетінесе, бірнеше рет түсік жасаса, бесікте жатқан сәби аурушаң болса, "көз тимесін" деп айдар, тұлым, желке шаш қойған. Сондай-ақ, әйел кілең ұл туып, соңында қыз баланы дүниеге әкелген кезде, "тіл-көзден сақтасын" деп сәбиге тұлым қойған. Қыздың тұлымы екі самайынан қойылған. Қыздың айдар, тұлымын түбінен кесіп тастамаған", - дейді ғалым.