KZNEWS.KZ
Аймақ

Триллиондық өндіріс пен трансфертке тәуелділік: Құмар Ақсақалов астықты өңірдегі қайшылықты қашан жояды?

Фотоиллюстрация: Kznews.kz

Әуелі бюджет туралы айтайық. Осы жылдың қыркүйегінде нақтыланған облыстық бюджет кірісі 544,9 млрд теңге көлемінде бекітілген екен. Ал оның 472,2 млрд теңгесі трансферттер есебінен қалыптасады дейді. Бұл бюджет кірісінің 86,7 пайызын құрайды. Және салық түсімдерінің үлесі 50,5 млрд теңге шамасында көрінеді. Мұндағы республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттердің көлемі 367,9 млрд теңгеге жетіп отыр. Яғни, өндірістік әлеуеті жоғары облыс бюджет шығындарын қамтамасыз етуде әлі де орталықтан бөлінетін қаражатқа тәуелділіктен арылған жоқ. Әлбетте, мұндай жағдай тек жергілікті басқарудың нәтижесіне байланысты емес, салықтарды бюджет деңгейлері арасында бөлу тәртібі мен өңірдің әлеуметтік міндеттемелерінен де туындайды. Дегенмен, жергілікті экономиканың қуаты мен бюджет кірісінің арақатынасы облыс басшылығының жұмысына баға беретін маңызды көрсеткіштердің бірі екенін естен шығармау керек.

Талдау деректеріне сәйкес, Қостанай облысының өнеркәсібі бірнеше ірі бағытқа негізделген. Соның ішінде машина жасау мен автомобиль өндірісі өңір экономикасының негізгі драйверіне айналып келеді. Биылғы тоғыз айда машина жасау саласы 868 млрд теңгенің өнімін шығарған. Өндірістің нақты көлем индексі 110,1 пайызды құрады. Автомобиль өндірісі 13,7 пайызға, комбайн өндірісі 78,9 пайызға, орғыш техника өндірісі 22,1 пайызға өскені айтылған. Бұл өңірдегі өндірістік кооперация мен ауыл шаруашылығы техникасын шығару бағыттарының дамып келе жатқанын көрсетеді.

Металлургия саласы да облыстың маңызды экономикалық тіректерінің бірі екені ашық дереккөздердегі мәліметтерден байқалады. Осы жылдың тоғыз айында металлургиялық өндіріс көлемі 370,6 млрд теңгеге жетіп, 5 пайыз өсім тіркелген. Оның ішінде шойын өндірісі айтарлықтай ұлғайған. Рудный мен Лисаковск қалаларындағы кен өндіру және металл өңдеу кәсіпорындары өңірдің өнеркәсіптік базасын қалыптастырып отыр деуге болады. Сонымен қатар темір рудасын терең өңдеуге бағытталған жаңа жобалар жүзеге асуда.

Аймақтың тамақ өнеркәсібінде де өсім бар. Тоғыз айда сала 394 млрд теңгенің өнімін шығарды. Өндіріс көлемі 9,1 пайызға өскен. Оның ішінде Қостанай облысының ұн өндіру бойынша республикада жетекші орындардың бірінде екені айтпаса да түсінікті. Мұнан бөлек, сүт және ет өңдеу, кондитерлік өнімдер, макарон, өсімдік майы өндірісі де өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы, өңірдегі өнеркәсіп көлемі осы жылдың қаңтар-қазанында 2,67 трлн теңгеге жетіп, 2 пайызға өскен. Бұл айтарлықтай өндірістік базаның қалыптасқанын білдіреді. Бірақ...

Бұл триллиондық көрсеткіштердің облыстық бюджетке түсетін салық көлеміне, жергілікті жұмыс орындарына және тұрғындардың табысына қаншалықты оң әсер етіп отырғаны басқа әңгіме.

Яғни, өңір экономикасының өсімі облыс тұрғындарының табыс деңгейімен салыстырғанда әлдеқайда күрделі деуге болады.

Дерекке сүйенсек, биылғы екінші тоқсанда Қостанай облысындағы орташа айлық номиналды жалақы 412 546 теңгені құраған. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен шамамен 73,8 мың теңгеге немесе 15,2 пайызға төмен. Жалпы жалақы жылдық есеппен 8,2 пайызға өскенімен, нақты жалақы индексі 97,9 пайыз деңгейінде қалып отыр. Ал жан басына шаққандағы орташа ақшалай табыс 262 497 теңге болып, номиналды өсім 13,9 пайызды құрады. Бірақ, орташа көрсеткіш өңір тұрғындарының бәрінің табысын бірдей сипаттамайтыны анық. Әсіресе, ауылдық жерлердегі еңбек табысы, әлеуметтік төлемдерге тәуелді отбасылар және төмен жалақы алатын қызметкерлердің жағдайы бөлек бағалауды қажет етеді. Бірақ, аймақтағы халықтың тығыз орналасуы негізінен қала агломерациясына тиесілі болғандықтан жан басына шаққандағы орташа ақшалай табыс, яғни 262 497 теңге бәрібір ойландырады.Өйткені, халықтың табысы өңірдегі әлеуметтік картинаға тікелей әсер етеді.

Әуелі, облыстың демографиялық ахуалы экономикалық тартымдылыққа қатысты сұрақ туғызады. Статистикаға сүйенсек, 1-қазанда облыс халқы 818,1 мың адам болды. Әрі тереңдесек, қаңтар-қыркүйек айларында 5 625 бала дүниеге келіп, туу көрсеткіші 8,5 пайызға төмендегені туралы дерек шығады. Ал өлім-жітім саны 6 135 адамға жетіп, 3 пайызға өскен. Нәтижесінде тоғыз айда халықтың табиғи кемуі 510 адамды құраған.

Биылғы көші-қон сальдосы да теріс көрсеткішті байқатты. Тоғыз айда облыстан кеткендер мен келгендердің айырмасы 2 855 адам болыпты. Ішкі көші-қон бойынша теріс көрсеткіш 2 905 адамға жеткен.

Жалпы, халықтың басқа өңірлерге қоныс аударуының жиі орын алуы аймақтағы жұмыс орындары, табыс, тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімділігі сияқты факторларға байланысты. Өндірістік әлеуеті жоғары облыс үшін тұрғындарды ұстап қалу, жастарға мүмкіндік беру және тұрақты жұмыспен қамту маңызды міндеттердің бірі болса да, облыс билігі үшін оны орындау қиынға соғатын сияқты.

Яғни, Қостанай облысының бүгінгі дамуындағы басты қайшылық ретінде өңірдің өндірістік қуаты мен жергілікті бюджет дербестігінің ара қатынасы немесе экономикалық өсім мен халық табысының алшақтығы қарастырылатыны орынды. 

Бір қарағанда, Тобыл бойындағы триллиондық өнеркәсіп көлемі, дамыған ауыл шаруашылығы және ірі жобалар өңірдің мүмкіндігін көрсетеді. Екінші жағынан, осы мүмкіндіктің халықтың тұрмыс сапасына, жалақысына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және облыстың қаржылық дербестігіне толыққанды ықпал ете алмай отырғанын да жасырмауымыз керек.

Демек, өңірдің экономикалық дамуының шынайы өлшемі облыстағы атқарушы биліктің де жұмысын бағалауға жол ашады.

Тоқетерін айтқанда, Қостанай облысын 2022 жылғы желтоқсаннан бері басқарып отырған әкім Құмар Ақсақалов пен оның командасы триллиондық өндірісі бар астықты өңірді трансферттерге тәуелділіктен арылтуға әлі де тырысуы керек сияқты. Өйткені, облыстың бюджет кірісін арттыру, салық базасын кеңейту, шағын және орта бизнесті дамыту, өңдеу өнеркәсібінің үлесін көбейту, тұрақты жұмыс орындарын ашу және бюджет қаражатын тиімді пайдалану жергілікті атқарушы биліктің негізгі жауапкершілігі болып қала береді. Рас, республикалық трансферттерге тәуелділік бір ғана әкімнің шешімдерімен жойылмайды. Бірақ, экономикалық әлеуетті пайдалану, жергілікті кірістердің өсуіне жағдай жасау және инвестициялық жобалардың нақты қайтарымын қамтамасыз ету өңір басшылығының жұмысына тікелей қатысты. Құмар Ақсақаловтан өңір тұрғындарының күтетіні де осы болса керек...

Қалмаханбет Мұқаметқали
Журналист-экономист. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.
Автордың басқа материалдары →