Қайрат Боранбаев лауазымды қызметке тағайындалды
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Транскаспий цифрлық дәлізі: Қазақстан әлемнің жаңа деректер хабына айнала ма?

Транскаспий цифрлық дәлізі: Қазақстан әлемнің жаңа деректер хабына айнала ма?
Фото: AI көмегімен жасалған.

Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісінің құрылысы аяқталуға жақын. Күні кеше Каспий теңізінің түбімен тартылған суасты кабелі Қазақстан жағалауына жеткізілді.

Ұзындығы 380 шақырым болатын байланыс желісі Ақтау мен Әзербайжанның Сумғайыт қаласын жалғайды. Жобаны "Қазақтелеком" АҚ мен AzerTelecom International бірлесіп жүзеге асыруда.

Жалпы, бұл байланыс саласындағы кезекті жоба ғана емес, жаңа цифрлық дәліз ретінде Қазақстанның жаңа деректер хабына айналуына мүмкіндік береді деген сенім бар.

Сарапшылардың бағалауынша, халықаралық интернет-трафиктің 95 пайыздан астамы су астындағы талшықты-оптикалық кабельдер арқылы тасымалданады. Сондықтан мұндай инфрақұрылымға қосылу мемлекеттердің цифрлық қауіпсіздігі мен экономикалық бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын маңызды факторлардың біріне айналып отыр.

Жаңа магистральдың жобалық өткізу қабілеті 400 терабит/секундқа дейін жетеді екен. Бұл халықаралық интернет арналарының сенімділігін арттырып, Еуропа мен Азия арасындағы деректер алмасудың балама бағытын қалыптастырады.

Қазақстан үшін жобаның маңызы ерекше. Соңғы жылдары ел Орта дәліз арқылы жүк тасымалын ұлғайтып, Еуразиядағы негізгі транзиттік мемлекеттердің біріне айналды. Енді осы көлік дәлізі цифрлық бағытпен толықтырылмақ. Яғни, ел аумағы арқылы тек тауар ғана емес, халықаралық деректер ағыны да өтетін болады.

Бүгінде Қазақстан цифрландыру көрсеткіштері бойынша өңірдегі көшбасшылардың қатарында. БҰҰ-ның E-Government Development Index рейтингінде Қазақстан әлемнің алдыңғы 30 елінің қатарына енеді. Ал интернетті пайдаланушылар саны халықтың 93 пайызынан асты. Бұл еліміздің цифрлық инфрақұрылымының жоғары деңгейде дамып келе жатқанын көрсетеді.

Жалпы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды Орталық Азиядағы цифрлық хабқа айналдыру міндетін бірнеше рет атап өтті. Осы мақсатта жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыру, халықаралық дата-орталықтарды дамыту және ІТ-қызмет экспортын ұлғайту жұмыстары жүргізілуде.

Транскаспий магистралі осы міндеттерді жүзеге асыруға серпін береді. Осы жерде халықаралық сарапшылардың дата-орталықтарды орналастыру кезінде үш негізгі талапқа назар аударатынын айтуымыз керек. Яғни, елді тұрақты энергиямен қамту, бірнеше халықаралық байланыс арналарының болуы және саяси тұрақтылық маңызды. Енді Қазақстан бұл көрсеткіштер бойынша өңірдегі қолайлы мемлекеттердің бірі ретінде аталады.

Екіншіден, Дүниежүзілік банк жыд сайынғы есебінде кеңжолақты интернетке салынған инвестиция экономиканың өнімділігін арттырып, жаңа жұмыс орындарының құрылуына ықпал ететінін атап өтеді. Ал ITU халықаралық электр байланысы одағы цифрлық инфрақұрылымды экономикалық өсудің негізгі драйверлерінің бірі ретінде бағалайды.

Сондықтан Транскаспий цифрлық дәлізі Қазақстан үшін тек телекоммуникациялық жоба емес. Бұл халықаралық инвестиция тартуға, цифрлық қызмет экспортын ұлғайтуға және Еуропа мен Азия арасындағы жаңа деректер хабына айналуға мүмкіндік беретін стратегиялық бастама.

Егер жоба толық қуатында іске қосылса, Қазақстанның халықаралық телекоммуникация нарығындағы рөлі күшейіп, цифрлық транзит ел экономикасының жаңа табыс көздерінің біріне айналуы әбден мүмкін.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.