АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэла мұнайын сатудан түскен қаражатты АҚШ-тағы шоттарда арнайы тәртіппен бұғаттау туралы жарлыққа қол қойды. Құжат Ақ үйдің ресми сайтында жарияланды, деп хабарлайды kznews.kz.
Жарлыққа сәйкес, енді бұл қаражатқа сот арқылы арест салу, қандай да бір талап-арызбен тәркілеу немесе өндіріп алу әрекеттері жүрмейді. Сонымен қатар арнайы рұқсатсыз ақшаға қатысты кез келген операция жасауға тыйым салынған. Ақ үй қаражатты Венесуэланың меншігі, бірақ уақытша АҚШ билігінің сақтауы мен бақылауында тұрған қор ретінде сипаттап, оны жеке тұлғалардың, оның ішінде «Мадуро режимінің кредиторлары» деп аталатын тараптардың талаптарынан қорғау керек екенін атап өткен.
Бұл шешімнің артында саяси есеп те бар. АҚШ тарапының мәліметінше, 2026 жылғы 3 қаңтарда Венесуэлада жүргізілген операция кезінде ел басшысы Николас Мадуро мен жұбайы Силия Флорес ұсталған, ал 5 қаңтарда олар Нью-Йоркте бірнеше айып бойынша сот алдына жеткізілген. Ақпараттарда «наркотерроризм» секілді ауыр баптардың аталғаны да жазылды.
Алайда мұнай саласының алыптары бұл елге ақша құюға асығар емес. Exxon Mobil басшысы Даррен Вудстың айтуынша, Венесуэлаға инвестиция салу үшін қазіргі құқықтық және коммерциялық жүйе түбегейлі өзгеруі керек: құқықтық жүйені жаңарту, көмірсутек саласындағы заңнаманы реформалау секілді қадамдарсыз бизнес үшін тәуекел тым жоғары. Яғни Вашингтон «ақшаны қорғаймыз» дегенімен, нарық ойыншылары нақты кепіл мен ұзақ мерзімді ережені талап етіп отыр.