Ақ үй басшысы Дональд Трамп Колумбия президенті Густаво Петроға қатаң ескерту жасап, «кокаин өндіріп, оны АҚШ-қа сататын уақыты аз қалғанын» мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Politico басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Колумбияға қарсы АҚШ-тың әскери операциясы туралы сұраққа: «Менің ойымша, бұл жақсы естіледі», — деп жауап берді.
Трамп президенттік ұшақ бортында тілшілерге Колумбияны «кокаин өндіріп, оны Құрама Штаттарға сатуды ұнататын ауру адам» басқарып жүргенін мәлімдеді.
— Ол мұны ұзақ уақыт бойы істемейді. Маған сеніңіз, — деді америкалық көшбасшы Петро туралы.
Бұл мәлімдемелер Колумбия көшбасшысы тарапынан қатты сынға ұшырады, ол Трампты «жала жабуды тоқтатуға» шақырып, Латын Америкасы елдерін бірігуге шақырды.
Трамп сонымен қатар Куба үкіметі жақын арада күйреуі мүмкін екенін айтып, Кубаға америкалық әскери араласудың қажеті жоқ екенін қосып өтті.
— Куба құлауға жақын. Кубаның қазір табысы жоқ. Олар барлық табысын Венесуэладан, Венесуэла мұнайынан алған. Енді олар ештеңе алмай отыр. Куба күйреудің аз-ақ алдында, — деді ол.
Ақ үйдің басшысы сондай-ақ Мексикаға ол арқылы есірткі ағыны жүріп жатқандықтан елдің «өз-өзін қолға алуы» керектігін ескертті.
Трамп Мексика президенті Клаудия Шейнбаумды «керемет адам» деп атап, онымен сөйлескен сайын Мексикаға америкалық әскер жіберуді ұсынғанын мәлімдеді.
— Мексика үкіметі бұл мәселені шешуге қабілетті, бірақ өкінішке қарай, Мексикадағы картельдер өте күшті, — деп қосты ол.
Бұған дейін Дания премьер-министрі Трамп әкімшілігін Гренландияға қарсы «сес көрсетуін тоқтатуға» шақырғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ АҚШ президенті Дональд Трамп The Atlantic басылымына берген сұхбатында Венесуэланың уақытша басшысы Делси Родригеске «егер дұрыс әрекет жасамаса, оның өтемі Мадуронікінен де жоғары болуы мүмкін» деген қатаң ескерту жасағанын жаздық.