АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы “алдағы 2–3 апта ішінде” аяқталуы мүмкін. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп сәрсенбіге қараған түні, 1 сәуірде, Ақ үйде журналистермен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz DW-ге сілтеме жасап.
Трамптың айтуынша, Тегеранмен келісім жасалмаса да, Иранға жасалған шабуыл тоқтатылады.
“Оларда режим ауысты. Бұл менің жоспарымда болған жоқ. Менің бір ғана мақсатым болды, бұл олардың ядролық қаруға ие болуына жол бермеу еді, және бұл мақсат орындалды... Біз жұмысты аяқтап жатырмыз және бұл шамамен екі апта, бәлкім, тағы бірнеше күнге созылуы мүмкін. Бірақ біз олардың қолындағының бәрін жойғымыз келеді”, - деді Ақ үй басшысы.
АҚШ президенті егер келісімге қол жеткізілсе, соғыс ертерек аяқталуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, Иран билігі мұны “өте қалайды”. Алайда, жалпы алғанда, келісімнің жасалуы немесе жасалмауы “маңызды емес”.
Трамп сондай-ақ Ормуз бұғазы арқылы, әсіресе Еуропа кемелеріне қатысты Иран ұйымдастырған шектеу басқа елдердің мәселесі болуы тиіс екенін айтты.
“Егер Франция немесе басқа елдер мұнай не газ алғысы келсе, олар Ормуз бұғазы арқылы өтіп, өздері қамдансын. Бұғаздағы жағдай бізге қатысы жоқ”, - деді ол.
АҚШ президенті Таяу Шығыстағы соғыс пен Ормуз бұғазының блокадасы салдарынан мұнай бағасының 50 пайызға күрт өсуіне де пікір білдірді. Трамптың айтуынша, АҚШ “жақын арада” Иранға шабуылдарын тоқтатқан соң “баға күрт төмендейді”.
АҚШ пен Израиль 28 ақпаннан бері Иранға әуе соққыларын жасап жатыр, соның салдарынан Иранның жоғарғы көшбасшысы Аятолла Әли Хаменеи және бірқатар жоғары лауазымды тұлғалар қаза тапқаны айтылды.
Иран бұған жауап ретінде Израиль мен Парсы шығанағындағы елдерге зымырандар мен дрондар арқылы шабуыл жасауда. Ислам Республикасы мәлімдегендей, араб елдеріне жасалған шабуылдардың мақсаты — аймақтағы америкалық әскери базалар. Сондай-ақ Иран соққылары Парсы шығанағындағы кейбір елдердің мұнай қоймалары мен мұнай танкерлеріне де тиген.