Танымал әнші Тоқтар Серіков әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың жеке концертінде сөз сөйлеп, оның төңірегінде айтылып жүрген дауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Өнер иесі досының жеке өміріне байланысты тараған әңгімелерге тоқталып, көпшілікті сабырға шақырды. Оның айтуынша, елге танымал адамдардың өмірі жиі талқыға түседі, ал жұрт кейде өзі жақсы көрген тұлғасын сынап, кейін қайта қолдауға тырысады.
“Өзіміз жақсы көреміз, өзіміз өсек қыламыз. Өзіміз жаралаймыз. Жарасынан қаны аққан кезде қайта танып, емдеп аламыз. Бұл қазақтан басқа халықта жоқ қасиет. Өздеріңіз жаралап алған үлкен құстың жарақатын қайтадан өздеріңіз жазыңыздар”, – деді Тоқтар Серіков.
Сондай-ақ әнші өзіне қатысты да түрлі пікірлер айтылатынын әзілмен жеткізді. Ол адамдарды бір-бірін тірі кезінде бағалап, жылы сөз айтуға шақырды.
“Мені де дымымды қалдырмай жазып жатады: “қатынын мақтай береді” деп. Жалғыз маңдайға біткен бір қатыным, не істеймін енді? Өлгеннен кейін емес, тірі кезімізде бір-бірімізге жақсы адам деп айтайық”, – деді өнер иесі.
Желі қолданушылары Тоқтар Серіковтің бұл сөзіне түрлі пікір білдірді. Бірі әншінің айтқанын қолдап, оны орынды пікір деп бағаласа, енді бірі Тұрсынбек Қабатовқа қатысты жағдайды ақтауға болмайтынын жазды.
Пікір қалдырғандардың арасында “Тоқтар аға, аман болыңыз”, “Өте ақылды азамат”, “Айтқаныңыз орынды, бірақ Мөлдірді жылатқаны дұрыс емес”, “Міне, нағыз азамат” дегендер бар.