KZNews.kz
Экономика

Тоқаевтың АҚШ-қа сапары: Қазақстанға бұл жолы қанша инвестиция тартылды

Азамат Қойшығара
timesca.com

Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапары формалды дипломатиялық кездесулерден гөрі нақты экономикалық мазмұнымен ерекшеленді, деп хабарлайды танымал The Times of Central Asia таблойды.

Вашингтондағы келіссөздер Қазақстанның жаһандық экономикадағы орнын күшейтуге бағытталған прагматикалық қадамдар сериясына айналды.

Бұл сапардың басты ерекшелігі – ірі трансұлттық компаниялармен және қаржы институттарымен ұзақмерзімді серіктестік орнатуға басымдық берілуі. Қазақстан тек инвестиция тартуды емес, өндірісті жергіліктендіруді, технология трансферін және қосылған құн тізбегіне тереңірек кірігуді көздеп отыр.

Соның айқын мысалы – Mars, Incorporated компаниясымен жасалған шамамен 180 млн долларлық келісім. Алатау қаласында үй жануарларына арналған азық өндіретін зауыт салу жоспарланып отыр. Бұл жоба жай ғана өндіріс орны емес, ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуге бағытталған жаңа индустриялық буын болмақ. Компания басшысы Пол Вейраух Қазақстандағы кәсіпорын Орталық Азия нарығына шығатын тірек алаңға айналатынын атап өтті.

Денсаулық сақтау саласындағы келіссөздер де стратегиялық сипат алды. Ashmore Group-пен талқыланған халықаралық клиника жобасы – медициналық инфрақұрылымды жаңғыртуға және медициналық туризмді дамытуға бағытталған қадам. Оператор ретінде Mount Sinai Health System тарту жоспарлануы сапа стандарттарының халықаралық деңгейде болатынын аңғартады.

Азаматтық авиация саласы да назардан тыс қалмады. Boeing компаниясымен өткен кездесуде қазақстандық әуе тасымалдаушылардың флотты жаңарту және кеңейту жоспары талқыланды. Air Astana 2026 жылдың екінші жартысында Boeing 787 Dreamliner ұшақтарын алуды күтуде. Бұл Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей рейстер ашу мүмкіндігін жақындатады. Ал SCAT Airlines Шымкент әуежайында техникалық қызмет көрсету және жөндеу орталығын құруды қарастыруда.

Сапардың тағы бір маңызды бағыты – АҚШ-тың Халықаралық даму қаржы корпорациясымен (DFC) келіссөздер. Вашингтон Қазақстанды Еуразиядағы сенімді әріптес ретінде қарастыратынын мәлімдеді. Талқылаулар тау-кен саласы, көлік дәліздері мен транзит инфрақұрылымын дамытуға қатысты жобаларды қамтыды.

UNCTAD-тың 2025 жылғы есебіне сәйкес, Қазақстан Орталық Азиядағы тікелей шетелдік инвестициялар көлемі бойынша айқын көшбасшы. 2024 жылы елге тартылған инвестициялардың жиынтық көлемі шамамен 151 млрд долларды құрады. Бұл өңірдегі өзге мемлекеттердің көрсеткіштерінен бірнеше есе жоғары.

Вашингтондағы келіссөздер Қазақстанның жекелеген келісімдерден гөрі институционалдық серіктестікке басымдық беріп отырғанын көрсетті. Ел өзін тек ресурс жеткізуші емес, технологиялық және өндірістік тізбектердің белсенді қатысушысы ретінде позициялауға ұмтылып отыр.

Сонымен қатар Тоқаев Peace Board кеңесінің алғашқы отырысына қатысып, Қазақстанның Газа секторын қалпына келтіру және өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз ету бастамаларына үлес қосуға дайын екенін білдірді. Бұл қадам елдің тек экономикалық емес, саяси-дипломатиялық алаңда да жауапты ойыншы болуға ниетті екенін аңғартады.

Азамат Қойшығара
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ түлегі. Журналистика саласында 16 жылдан бері еңбек етіп келеді. Аймақтық, салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда т...
Автордың басқа материалдары →