Қазақстан мен Израиль сауда-экономикалық және технологиялық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бірқатар келісімге қол жеткізді.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев бастаған қазақстандық делегацияның Израильге сапары аясында үкіметаралық комиссияның 10-отырысы мен екі елдің бизнес-форумы өтті, деп хабарлайды kznews.kz.
Иерусалимде өткен үкіметаралық комиссия отырысына Қазақстан тарапынан Жаслан Мәдиев, Израиль тарапынан Қаржы министрлігі жанындағы министр Зеев Элькин төрағалық етті. Тараптар сауда, инвестиция, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, ғарыш технологиялары және су ресурстарын басқару салаларындағы ынтымақтастықты талқылады.
Кездесудің маңызды нәтижелерінің бірі – Қазақстан мен Израиль арасындағы қосарланған салық салуды болдырмау туралы конвенцияға қол қойылуы. Бұл құжат екі ел арасындағы кәсіпкерлік және инвестициялық байланыстарды дамытуға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Сапар аясында Тель-Авивте «New Economy. New Opportunities» атты Қазақстан-Израиль бизнес-форумы ұйымдастырылды. Оған Израильдің 100-ден астам компаниясының, мемлекеттік мекемелерінің және екі елдің іскерлік қауымдастықтарының өкілдері қатысты. Форум қорытындысында жеті меморандумға қол қойылды.
Атап айтқанда, KAZAKH INVEST пен Shoval Vantage Group Қазақстанда медициналық кластер құру бағытында ынтымақтасуға келісті. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Terra-A Gaia AG компаниясымен жасанды интеллект, цифрлық активтер және инфрақұрылым салаларындағы бірлескен жобаларды қарастырады. Ал қазақстандық Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы CYBERPRO AI компаниясымен киберқауіпсіздік саласында жұмыс істеуге уағдаласты.
Сонымен қатар «Самұрық-Қазына Инвест» пен Израильдің Watergen компаниясы атмосфералық ауадан ауызсу өндіру технологиясын Қазақстанда енгізу мүмкіндігін зерттемек. Абай облысының әкімдігі Mekorot Development & Enterprises компаниясымен су шаруашылығы, ал Auxbridge компаниясымен өңірді цифрландыру бағытында ынтымақтастық орнатуға келісті. QazTrade пен Израильдің Экспорт және халықаралық ынтымақтастық институты екі ел арасындағы сауда байланыстарын кеңейтуді көздеп отыр.
Қазақстандық делегация құрамында мемлекеттік органдардың, өңірлік әкімдіктердің, ұлттық компаниялар мен бизнес өкілдерінің 50-ден астам өкілі болды. Олар Израильдің инновациялар, жасанды интеллект, ғарыш технологиялары және киберқауіпсіздік салаларындағы жетекші мекемелерімен кездесулер өткізді.
Израильдің Қазақстандағы елшісі Йоав Быстрицкий екі елдің экономикалық әлеуеті бірін-бірі толықтыратынын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанның табиғи ресурстары мен өңірлік даму мүмкіндіктері Израильдің озық технологиялары және инновациялық тәжірибесімен ұштаса алады.
Дегенмен қол қойылған меморандумдар аясындағы жобалардың инвестициялық көлемі мен іске асыру мерзімдері әзірге нақтыланбаған. Бұл мәселелер алдағы келіссөздер барысында айқындалмақ.
Қазақстан-Израиль сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының келесі, 11-отырысын 2027 жылы Астана қаласында өткізу жоспарланып отыр.