Қуаныш хабар: отандық өнімдердің нарықтағы үлесі артып келеді. Соңғы үш жылда елімізде өндірілетін 183 тауардың 83 түрі бойынша импорттың үлесі төмендеген. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенген EnergyProm хабарлады.
Импортты алмастыру бағытындағы ең жоғары өсім керамикалық тақтайша өндірісінде байқалған. 2023 жылы ішкі нарықтағы импорттың үлесі 78,7 пайыз болса, қазір бұл көрсеткіш 48,6 пайызға дейін азайған. Ал отандық өндіріс көлемі шамамен 2,5 есе өсіп, 12 миллион шаршы метрге жеткен. Нәтижесінде қазақстандық өндірушілер алғаш рет шетелдік жеткізушілерден басым түскен.
Сонымен қатар мыс сымы, ас үй жиһазы, шұжық және ірімшік өнімдері бойынша да импорттың үлесі төмендеген.
Алайда, бірқатар тауар түрі бойынша импортқа тәуелділік керісінше күшейген екен. Атап айтқанда, дәретхана қағазы импортының нарықтағы үлесі 41,9 пайыздан 61,5 пайызға, қант 61,2 пайыздан 77,7 пайызға, шоколад пен өзге де кондитерлік өнімдер 52 пайыздан 61,1 пайызға дейін өскен.
Осылайша, отандық өндірістің дамуында оң өзгерістер болғанымен, бірқатар тұтыну тауарлары бойынша импортқа тәуелділік әлі де жоғары деңгейде қалып отыр.