Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Отан соғысының ардагері Кенжебай Мәденовке (марқұм) ең жоғары мемлекеттік марапат – "Халық қаһарманы" атағын берді, деп хабарлайды kznews.kz.
Ақорданың мәліметінше, бұл атақ майдандағы ерлігі мен батылдығы үшін табысталып отыр. Жарлыққа сәйкес, оған айрықша ерекшелік белгісі – "Алтын жұлдыз" және "Отан" ордені қоса тапсырылған.
Кенжебай Мәденов – Қызыл Армия құрамында қызмет еткен қазақ офицері, лейтенант шенін иеленген. Ол 1943 жылдың қарашасында майданға аттанып, алғашқы ұрыстардың бірінде жарақат алғанымен, емделіп қайта сапқа қосылған.
1945 жылдың сәуірінде Берлин үшін болған шешуші шайқастарда ерекше ерлік танытқан. Екінші рет жараланса да, небәрі 20 жасында атқыштар взводын басқарып, маңызды шабуыл операцияларына қатысқан.
Оның жауынгерлік жолы Дон, Донбасс, Днепр, Буг, Бессарабия, Висла және Одер бағыттарындағы ауыр ұрыстармен жалғасып, Берлинде аяқталған. Қала үшін болған қиян-кескі шайқастар кезінде оның бөлімшесі алғашқы болып әкімшілік ғимараттардың біріне кіріп, ғимарат күмбезіне жеңіс туын тіккен.
Соғыстан кейін Мәденов елге оралып, мемлекеттік қауіпсіздік органдарында қызмет атқарған.